Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Қуаныш Сұлтанов: Бізде бәрі "показуха"

«Бізде бәрі показуха». Еліміздегі цифрландыру бағдарламасының жұмысына ашынған депутат Қуаныш Сұлтанов осылай деп ағынан жарылды. Ал оның кейбір әріптестері депутаттар туралы жағымсыз ақпараттардың кім көрінгеннің қолында жүргеніне кейіді.

Бізде бәрі показуха

Сонымен, бүгін цифрлы Қазақстан бағдарламасының орындалуы бойынша парламентте келген министр Асқар Жұмағалиевтің мәліметтері депутаттарды неге қатты ашуландырды? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

“Жуырда ғана біздің бір топ депутатты салық төлемеушілердің қатарына қосып қойды. Неге. Сол салық базасының дұрыс жұмыс істемегенінің кесірінен төлеген салықты дұрыс түсірмегендіктен, төлеген ақшасының өзін басқа біреуге салып қойған”, - деді депутат Омархан Өксікбаев. 

Жуырда, мәжілістің әрбір төртінші депутаты салық төлемей жүр деген ақпарат шыққан интернеттің игілігінің нәтижесінде тиісті мемлекеттік органның сайтынан көрдік бұл мәліметті. Алайда интернет қолжетімді болғанымен, оның ішіндегі ақпарат сүзгіден өтуі керек деп алаңдайды халық қалаулысы. Әсіресе, балалар, жастар үшін.

“Интернет керек. Қандай ақпарат интернетте бар. Пайдалысы да бар, зияндысы бар. Әріптестерім айтып кетті балаларға зиянын. Осыны жүйелеп, бақылап отырған кім? Бүгін қараңыз, осы маңызды мәселеге ақпарат министрлігінен какой то бір департамент директорының орынбасары келіп отыр”, - дейді депутат.

Депутат айтқандай, какой-то департамент директоры түгіл, білдей бір байланыс операторының басшысы да ауыл-аймақты интернетпен қамту бойынша мардымды жауап айта алмай абдырады бүгін.

Ауыл-аймақ демекші, цифрландыру бағдарламасы аясында қазіргі таңда 3324 елдімекен интернетпен қамтылған екен. Алайда министр Асқар Жұмағалиевтің бұл статистикасы депутат Сабиляновтың ашуын келтірді.

“Бірақ, ауылдарға барғанда, біз кей кезде интернет жоқ дегенде халықтың алдында ұятқа қаламыз. Сіздер, мына жақта қағаз жүзінде бәрін қатырып қоясыздар, ал ауылға барғанда, жоғары жылдамдықты интернет жоқ". Егерде расында да сіздің ақпаратыңыз 3324 ауылда жоғары жылдамдықты интернет бар десеңіз барып көрейік ауылға, мен дайынмын”, - деді депутат Нұртай Сабильянов. 

Ал, Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін де, одан кейінгі 30 жылға жуық  уақытта ат үстінде жүрген Қуаныш Сұлтанов еліміздегі кейбір келеңсіздікті жіпке тізді.

“Мысалы, депутаттар бара қалса, тексеру бара қалғанда цондардың жұмыстары керемет. Адам сүйсінетіндей. Ал сол жердегі тұтынушылармен кездессеңіздер басқа жағдайды көресіздер. Бізде осы показуха. Көзбояушылық деген өрістеп барады", - деді депутат Қуаныш Сұлтанов.

Сонымен, цирфландыру бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы Парламенттегі Үкімет сағатына келген министр Асқар Жұмағалиев бүгін біраз сын естіді депутаттардан.  Білім, медицина саласындағы ақпараттық базалардың кемшілігі де сөз болды. Кейбір халық қалаулыларының сөзінен аңғарғанымыз, кейбір депутаттар бұл мәселелерді көтеру арқылы алдағы Парламент сайлауына қамданып жатқан сияқты.

Талқылау