Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Денис Тен спортта 25 жасыма дейін ғана жүремін дейтін": Айнұр Тұрсынбаева тек жақсы сөз айтуға кеңес берді

Сөздің киесі бар. Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева сөздің киесін айта келе өмірлік мысалдар келтірді. Адам жақсы сөз айтуға тырысу керек деген кеңесін айтты.

Айнұр Тұрсынбаева қалай ақша табу керек екенін айтты

“Сөздің киесі бар. Кешегі қыршынынан қиылған Денис Теннен "спортта қай жасқа дейін жүресің?" деп сұрағанда, "25 жасқа дейін" деп жауап берген. Оразалы Досбосынов деген алапат ақын досым көбінесе сөзді:

"Атым Ораз болғанмен,
Отыздан жасым аспаған,
Иегін сақал жаппаған.
Сүйінбаймын, Жамбылмын,
Таңжырықпын, Шарғынмын" деп бастайтын...

Шынында жасы отыздан аспады, небәрі 29 жасында жарық дүниемен қош айтысып кете берді. Кейін Оралдан Асылбек Исщанов деген ақын бала шықты. Сол бала өзінің ең соңғы айтысында:

"Бір күнде бес ақынмен,
Айтысып бәрін жеңетін,
Оразалының жолын бер" деп жырлаған екен. Арада көп уақыт өтпей жап-жас Асылбек тура Оразалы ағасы құсап жол апатынан қаза тапты.

Атақты Жәнібек Кәрменовтың керемет термесі бар, сол терменің ішінде "Жалғыз шықпа сапарға, өкініште қаларсың" деген жолдар бар.. Сол Жәнібек ағамыздын жолға жалғыз шығып кетіп жүрегі тоқтап қалып, жол апатына ұшырап қайтыс болғанын біреу біліп, біреу білмес... Атақты Мұқағалидың да:

"Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,

Қырықтың бесеуінде" деген өлеңі бар.. Ақиық ақын шынында 45 жасында дүниеден өткен еді”, – деді Тұрсынбаева. 

Айтыскердің айтуынша, адамның аузынан шыққан әр сөзі өміріне әсер етуі мүмкін. Себебі, жақсы сөз – жарым ырыс деп халқымыз ертеден ескертіп келеді. 

“Менің Мейрамгүл деген актриса құрбым бар еді. Бір күні үйге келіп екеуміз шай ішіп отырдық. Содан ол өзінің бір құрбысы туралы әңгіме айтты. "Жақсы әнші еді, Алматыдан келе жатып тура Балқаштың қасында жол апаты болып қайтыс болды, көлігінің артындағы бір банкасы да сынбапты" деп таңғалып отырды. Кейін тағы бір көргенімде өзінен-өзі: "Айнұр, сол Балқаштың маңайында жол апаты көп болады екен ғой иә" деп тағы қоймады. Соңғы рет көргенімде "Алматыға көлікпен баратын болдық, Балқаштың жанынан байқап өту керек" деп тағы қайталады. Сол құрбым тура сол құрбысы қайтыс болған Балқаштың маңында жол апатынан бала-шағасымен қайтыс болып кетті. Біз көбінесе сөзге мән бермей жатамыз. Әсіресе, ашулансақ, балаларға ұрыссақ артық кетіп қаламыз. "Өстіп жүріп бір бәлеге ұрынасың, суық тиіп өлесің, оқудан шығарып жібереді, адам болмайсың, енеңнен таяқ жейсің, басыңды асырай алмайсың" деген сияқты артық сөздерді айтып жібереміз. Исламда "жақсы сөз сөйле, болмаса үндеме" деген xадис бар. Ендеше жақсы ойлап, тек қана жақсы сөз сөйлеп үйренейік. Сонда бәрі де жақсы болады..!”, – деп жазды Тұрсынбаева. 

Желідегі оқырмандар өз оқиғасын айтып жатыр. 

 

“Не деген үлкен қателік. Күнделікті айтып жүрген сөздеріміз ғой. Аллам өзі кешірсінші!”, “Дұрыс айтасың. Жақсы сөз-жарым ырыс деп бекер айтпаған болар”, “Балдарыма тек жақсы сөйлеңдер деймін, жақсы сөз жарым ырыс деген рас! Періште жақсы сөзге де, жаман сөзге де әумин дейді ғой”,  “Жаман айтпай жақсы жоқ деген де бар ғой қазақта, оны қалай түсінеміз? Негізі бар ғой Алланың өзі”, “Рахмет, Айнұр  сіңлім, Алла разы болсын🤲сіз бүкіл қоғамды тәрбиелеп жатырсыз”, деп жазды желідегілер. 


Талқылау