Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Денесін аппақ жаймаға орап, алып шықтық": Өктем Алтаев дүниеден ерте өткен қарындасын есіне алды

Танымал хит әндердің авторы Өктем Алтаев өмірдегі өкінішін айтып, марқұм болған қарындасын “Алғашқы” бағдарламасында есіне алды. 

Фото: Видеодан скриншот

Өнер иесі туған қарындасының 23 жасында дүниеден өткенін айтып, көз жасына ерік берді. 

“Әр адамның жүрегінде өшпейтін бір жара болады. Қарындасымды еске алғанда жылайтын себебіміз де бар. Өйткені қарындасың қайтқанда қиын болады екен. Ол 23 жастағы тұрмысқа енді шыққан албырт, жас қыз болатын. Есімі Меруерт еді. Апам Меруерт Өтекешоваға ұқсасын деп, ырымдап қойды. Менің балаларымды, Бағжанды да, Таңшолпанды да өзі жақсы көріп қараған. Біз оған сенетін едік. Қазақта "өлер бала өзгеше болады" деген жақсы бір сөз бар ғой. Абысынына жаңадан көлік әперген екен, сол көлікпен "Бақанастың арғы жағындағы бір ауылға барамыз" деді. Сол жаққа аяғы тартып, үнемі айта берді. Оған бәріміз "барма" дедік, өзі қоймай "барамын" деді. Сөйтіп мені өтірік алдап, "ойланып көремін" деп шығарып салды. Кейін біз қайтып жатқанда менің көлігімнің есігін ашты да, алыстан келіп, менің бетімнен сүйді. Ол мені ешқашан бұлай сүйген емес. Сөйтіп біз кетіп қалдық. Шамамен кешкі сағат 17.00 қатты шашалып қалдым, қанша су ішсем де шашалғаным басылмады. Бір уақытта шашалғаным, жөтелге айналды. Жөтел сияқты, бірақ ол жөтел емес. Артынан ұялы телефоны "қарындасың Қапшағайда жол апатына түсті" деген хабар келді, бірақ қайтыс болды деп айтқан жоқ. Жеңгесі екеуміз Қапшағайдың ауруханасына бардық. Мәйітханадан аппақ төсек жаймаға орап, алдымызға денесін алып шықты. Қарындасымның денесін құшақтап, "неге кеттің, тыңдамай?" деп айғайлап жыладым. Қатты өкінішім – осы. Өкініш болғанда Алланың ісі ғой. Оны бәріміз ерекше жақсы көрдік. Ол шынында басқаша бала болды. Ғұмырының қысқалығы ғана өзекті өртеді”, – деп көз жасына ерік берді әнші. 



Қарындасының қазасынан кейін сазгер қатты күйзеліске түсіп, тіпті біршама уақытқа дауысы шықпай қалған. 

“Содан кейін мен депрессияға түсіп, қатты күйзелдім. Құсадан дауысым шықпай қалды. Бір жылға дейін ән айта алмай жүрдім. "Бір Алла" деген әнімді айтып, сахнаға қайта оралдым", – деді ол.

Еске салайық, өнер иесі алғаш рет ата-анасы туралы айтқанын жазған едік. 

Айта кетейік, сөз байласқан аруы өзгеге тұрмысқа шығып кеткенін айтқан әнші махаббат оқиғасын бөліскен еді. 

 

Талқылау