"Деканның көмекшісі кешкісін киноға шақырды": Алматылық студент қыз Narхоz университетінде өзіне көрсетілген әділетсіздік пен харассмент туралы айтты
Желіде Narхоz университеті студентінің жазбасы қызу талқыға түсіп жатыр. Бойжеткен мұнда өзінің жазғы семестр ақысын төлесе де оқу тізіміне қосылмай қалғанын және деканның көмекшісінен қалай харрасмент көргенін жазған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото Facebook желісінен, суретте Фатима Майсары мен Қанат Қожахмет
Фатима Майсардың Facebook желісінде тараған жазбасында ол өзінің жазғы семестр үшін оқу ақысын төлеп, тіпті 3 аптадай сабақтардан қалмай, тапсырманы уақытында орындағанын айтады.
“Жазғы семестр басталды. 3 апта бойы сабақтарға қатысып келдім. Алайда кейін сайттағы тобымның тізімінде жоқ екенімді білдім. Бірден эдвайзерлерге жүгіндім. Бірақ олар мені бірден IT бөліміне жіберді. IT бөлімі эдвайзерлерге қайтарды. Эдвайзерлер менің мәселемді тыңдап, Велком орталығына жіберді. Онда өзім түсінбейтін КОК-қа хат жаздым. Эдвайзерлер өтінішім жазғы семестрге тіркеудің жабылуына байланысты қабылданбағанын түсіндірді. Олар менің мәселемді әрі қарай қарастырмады да. Қатты көңілім қалды. Себебі жазғы семестрді төледім, ұстазыма жазылдым, үш апта бойы сабаққа бардым, үй тапсырмасын орындадым, содан кейін мені осы топтың тізімінен жай ғана алып тастаған”, – деді ару.
Бойжеткен кейін бұл мәселені деканатқа айтуға бекіген. Алайда ол жақта деканның көмекшісінің өзіне харассмент әрекетін байқаған.
“Мен оған мәселемді айтып отырғанымды “обал болыпты” “ақылды екенсің”, деп басқаша көзқарасымен қарап отырды. Тіпті менің жеке өмірім туралы сұрады. Деканаттың маманына өзін осылай ұстауына бола ма? Кейін ол университет базасындағы менің жеке парақшама кіріп, мекен-жайымды, ата-анам туралы ақпараттың бәрін көріп алды. Менің номерімді сұрап, деканаттағы тағы маманға жіберді. Ал ол жақта маған енді оқуымды тек күзде жалғастыра алатынымды айтты”, – деп қосты ол.
Кейін Фатимаға деканның көмекшісі жазып киноға шақырған екен.
“Кешкісін деканның көмекшісі мені киноға шақырды. Қатты ашуландым. Себебі оның істеп отырғаны этикаға сай келмейді. Оған қарсылық танытсам мен туралы деректерді түрлі жерлерге жібере ме деп те уайымдадым.
Кейін өз мектебімнің IT деканына барып болған жайтты айтып бердім. Ол әлгі қызметкердің үстіне арыз жазуды ұсынды. Ал сабағыма келсем, кейбір студенттер ортақ чаттан университет базасына кіретін логин парольді қарап алып, мені тізімнен шығарып орнына өздері кіріп алған екен. Яғни бірінші курс студенттерінің логиндері мен құпия сөздерінің ашық таралады. Декан екеуміз тіркеудің соңғы күнінде басқа студент қыздың тізімді ауыстырғанын тексеріп білдік.”, – деп қосты ару.
Алайда ол қыз өз кінәсін мойындамапты. Сол себепті декан ештеңе істей алмайтынын жеткізгнен.
“Осы жағдайға қарамастан оқуыма бара беремін. Өйткені мен әділдікке сенемін. Деканат бұл студентті айыптауға ешқандай дәлел жоқ деп санайды. Алайда қазір өз дерегінің қауіпсіздігін сақтамады деп менің өзімді кінәлап отыр. Біріншіден, тізімнен шығарып тастағаны менің кінәм емес. Осы оқиғаға дейін мен Нархоздағы жеке деректердің қауіпсіздігіне толықтай сендім.
Екіншіден, елдегі ең прогрессивті жоғары оқу орындарының бірінде студенттердің жеке деректерін қорғау нашар. Мұнда әр студент біреудің логині мен паролін көре алады. Ал деканат қызметкері студенттің мекен-жайына және туыстарының телефон нөмірлеріне қол жеткізе алады”, – деді ол.
Фатима 2 апта бойы басшылықтан өзін тізімге қосуды өтінгенін айтады. Алайда әрекеті еш нәтижесіз екен.
“Уәде етілген адалдық қайда? Студент сессияда көшірсе оны бірден шығарып жібереді. Ал студент басқа біреудің аккаунтын бұзып, оны тізімнен алып тастаса, ешқандай жаза қолданылмайды. Деканат қызметкерімен де сондай жағдай. Ол өз жағдайын пайдаланып, студенттерге жабысады. Ал оған өзінің еңбек тарихын бұзбауы үшін өз еркімен жұмыстан кетуге мүмкіндік береді”, – деп қорытты ол.
Сөз соңында ару университеттен өзін тізімге қайта қосуды, харассмент жасаған қызметкерді жұмыстан, ал өзін тізімнен алып тастаған қызды оқудан шығаруды талап етті.
Алайда желідегі пост көптің талқысына түскеннен кейін Нархоз университетінің әкімшілік бөліміндегі Қанат Қожахмет қызға барлық көмек көрсетілетінін айтып жазба жариялады.
“Әрине, Фатима тізімге қайта тіркеліп, қайта қалпына келтіріледі. Ол өзі таңдаған мұғаліммен бірге оқуын жалғастыра алады. Біз оның мәселелерін шешудің жолдарын таптық және әңгімелесу кезінде барлығының басын ашып алдық”, – деді Қанат Қожахмет.