Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан 325 адам көрген фильмге 500 миллион жұмсаған – Мұқаев

Депутат Дәулет Мұқаев киноиндустрия саласына мемлекеттен қыруар қаржы бөлінгенімен, халықтың көңілінен шығатын фильмдер саусақпен санарлық екенін айтып, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Депутат былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен ұлттық құрылтайда отандық кино саласын реформалау қажет екеніне нақты тоқталғанына қарамастан, бұл саладағы айқай толастамай тұрғанын айтты. 

"Кино түсіргісі келетіндер көбейгенімен, олардың дені өз қаражатына түсіріп жатыр. Мемлекеттен бөлінген қаржының көбі өз араларында қалып жатқандай көрінеді. Өйткені ұлттық киноны қолдау орталығының фильмдері не сұранысқа, не халық қолдауына ие емес. Тіпті халық қазынасындағы қаржыны миллиардтап құмға құйып жатқандаймыз. Мысалы, 2019-2023 жылдар аралығында отандық 100 фильмге шамамен 23 млрд теңге бөлінген. Ең қызығы, барлығы 100% игерілген, есебі тапсырылып, кино түсірілген. "Атлас интертеймент" компаниясы түсірген отандық "Время патриотов" фильміне 1 млрд қаржы жұмсалса, оның кассалық жинағы – небәрі 10 млн теңге. Бұл – кеткен соманың бір пайызы ғана", - деп ашуланды ол. 

Сондай-ақ Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев туралы түсірілген "Боксшы" фильмі де көпшіліктің көңілінен шықпағанын атап өтті. 
"Сатай фильм" түсірген "Боксшы" фильміне 900 млн теңге жұмсалса, бар болғаны 25 млн теңге касса жинады. Фильмнің идеясы Олимпиада чемпионы Cерік Сәпиев туралы екенін білесіздер. Бірақ кино өте сапасыз әрі көрерменге әсер сыйлай алмады", – деді мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар Дәулет Мұқаев 500 млн теңге жұмсалған "Жизнь" фильмін 325 адам ғана көргенін айтты. 

"Медет фильм" түсірген "Лето 1941 года" отандық киносына 700 млн теңге бөлінсе, оның 2 млн теңгесі ғана қайтарылған. Бұл – кеткен шығыннан 350 есе аз. "Жизнь" фильміне 500 млн теңге кетсе, небәрі 650 мың теңгесі ғана қайтқан. Мысалы, орта есеппен кинотеатрлардағы билеттің бағасы 2 мың теңге болса, онда бұл фильмді  325 адам көріпті-мыс. Сонда сіз болып, біз болып, "Жизнь" деген фильмге бюджеттен жарты миллиард кетіріп, 325 адам көруі үшін ғана кино түсірдік пе? Мемлекет тарапынан бөлінген қаражатқа түсірілген фильмдерді де халықтың көріп, қуанып жатқаны шамалы", – деп толықтырды Дәулет Мұқаев.

Былтыр желтоқсанда Алматы қаласының прокуратурасы Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" акционерлік қоғамында бюджеттен бөлінген 400 миллион теңге жымқырылғанын анықтады. 

Кейінірек мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Қазақфильмде" кино түсіруге бөлінген 400 миллион теңгені жымқыру ісіне қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, “Қасым Хан” кинотуындысына және басқа да бірнеше жобаға бөлінген қаржы ұрланған болуы мүмкін. 

Талқылау