Дәрігерлер Төреғалидің әнін тыңдаған жүкті әйелдердің толғағы жеңілдейтінін айтады
Астана қаласының №3 перинаталдық орталығының мамандары вокалотерапия арқылы жүкті әйелдерді босануға дайындап, толғағын жеңілдете бастады.
Мамандардың пайымынша, құрсақтағы нәресте 15 аптадан бастап анасы мен айналадағы дыбыстарды ести бастайды. Ал босану кезінде анасының дауысын дұрыс басқару баласының жеңіл босануына және босанудан кейінгі стресстен сақтауға септігін тигізеді дейді дәрігерлер, деп хабарлайды, Елорда инфо.
Осыған орай №3 қалалық перинаталдық орталықта жүкті әйелдерді босануға дайындайтын вокалотерапия, яғни тыныс алу гимнастикасы енгізілді.
«Эмоциялық стресстен арылту үшін жүктілік кезінде екіқабат әйелдермен жаттығу өткізіледі. Әрі босану кезіндегі толғағы қысатын белгілі бір кезеңде де өтеді. Яғни, ән айту кезінде тыныстау дұрысталады, ол толғақты жеңілдетеді», – деді вокалотерапия шеберлігін жүргізетін медицина ғылымдарының докторы Сабира Кульчимбаева.
Перинаталды психология маманы вокалотерапиямен дайындалған әйелдердің босануы мен эмоциялық жағдайы жақсы екенін дәлелдеген. Бұл әдісті қолданысқа енгізбес бұрын Аргентина, Италия және т.б. елдерге барып тәріжибе жинаған.
«Жүкті әйелдер орындайтын әндер тыныс алу түрлеріне қарай таңдалады. Бүгінгікүні халықаралық тәжірибеге сәйкес тыныс алудың 7 түрі бар. Ол 20 жылдан астам уақыт зерттелген. Соның негізінде босану кезінде ауырсынуды басудың бір жолы – Ламаз әдістемесі бойынша тыныс алу методикасы енгізілді», – деді Сабира Кульчимбаева.
Оның айтуынша, аталған тыныс алу түрлеріне қарай әйелдер орындайтын әндер таңдалады. №3 перинаталдық орталықта жаттығушы жүкті әйелдер орындайтын әндердің арасында Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» сынды классикалық әннен бастап, қазіргі күні тойларда жиі айтылатын Абай Бегей, Ерке Есмахан, Төреғали Төрәлі сынды жас әншілер орындайтын «Қызыл өрік», «Қайда», «Бол жанымда» сынды әндер бар.
«Әндер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таңдалады. Әйел қай ұлттан екені және қай тілде айтқан ыңғайлы екені ескеріледі. Сондай-ақ ән айту кезінде түрлі музыкалық аспаппен сүйемелденеді. Өйткені аспаптар адамның органдарына әсер етеді», – деді перинаталды психолог дәрігер.
Бұдан бөлек, мамандар толғақты жеңілдететін басқа да әдістерді енгізіп жатыр. Атап айтқанда, би арқылы босануға жаттықтыру да бар. Бұл әдіс әйелдің көтеріңкі көңіл-күймен босануына жәрдемдеседі.