Дәрігер: Жасанды ұрықтандыру кезінде орыстың ұрығын салып бер деп жататын қазақтар бар
Бүгінгі таңда бедеуліктен зардап шегетін ерлі-зайыптылар саны артуда. Алайда заманауи медицина жылдан жылға қарқынды дамып, аталған проблеманың шешімін табуда. Осы орайда Алматы қаласының Репродуктивтік медицина институтының репродуктолог-гинекологы Айтқожина Ләззат бедеулікпен күресу жолдарын атап, донорлық клетка пайдалану әдістерімен бөлісіп, экстракорпоральді ұрықтандырудың тұстарын айтып берді.
Бедеуліктен арылып, балалы болудың бірден бір жолы – экстракорпоральді ұрықтандыру жолымен бала көтеру болып табылады. Айта кетсек, Қазақстан репродуктивтік медицинасын дамыту бойынша алдыңғы елдер қатарында. Тіпті экстракорпоральді ұрықтандыруды процессі үшін шетелдік азаматтар отандық мамандарға келеді екен.
Бедеуліктің себептері мен экстракорпоральді ұрықтандыру
Баласыз отбасылардың не себепті сәби сүйе алмай жүргендерін тексере келе басты проблемалар әйелдерде кездесетінін анықтаймыз. Дегенмен, 40-45% көрсеткішімен еркектер белсіздігі де белең алып тұр. Әйелдерге келер болсақ, бедеулікке әкелетін факторлар болып көбінесе түтікшелер және эндокриндік болып табылады, немесе туа біткен, гормоналді ақаулар болуы мүмкін.
Бізге бедеулік мәселесімен келген әйелдердің ең бірінші жасына қараймыз. Егер жасы 35-тен асып кетсе, біз оларды емдейміз деп құр босқа уақытын кетірмейміз. Өйткені ол әйелдердің бала көтеру уақыттары өтіп кеткен. Сондықтан ең тиімді шешім ретінде экстракорпоральді ұрықтандыруды ұсынамыз. Оның өзі жүз пайыз кепілдік бермейді, дегенмен құр отырғанша белгілі бір әрекет жасаған дұрыс. Әрекет жасаған кезде ғана бір нәтиже шығаруға болады.
Ал жақында тұрмысқа шығып жатқан, жастары 30-ға жетпеген қыз-келіншектерді тексеріп, олардың денсаулықтарының қалпына келуін күтіп көреміз. Бірақ жасына қарамастан тек экстракорпоральді ұрықтандыру ғана көмектесетін кездер болады: трубалары жоқ, күйеуінің ұрығы мүлде төмен болған жағдайлар.
Экстракорпоральді ұрықтандыру арқылы бірден көтеріп кету бәрінде мүмкін бола бермейді. Екінші-үшінші жолдары көтеруі мүмкін. Егер бастапқыда алынған клетка саны көп болып, эмбриондар қатырылған болса, алғашында жасаған барлық процессті қайта өтпей-ақ екінші-үшінші мәрте ұрықтандыруға болады.
Бірінші процессте көтеріп кеткен жағдайдың өзінде бірнеше айдан кейін түсік тастауы мүмкін. Және ол түсіктің қай айда болатынын да алдын ала болжау мүмкін емес.
Сонымен қатар, әйел адам бастапқыда алынған эмбриондарын қатырып қойып, бір бала тауып, бірнеше жылдан кейін де жаңағы қатырылған клеткаларын қайта салып, тағы бала көтеруіне болады.
Суррогат ана және донорлық клетка арқылы бала көтеру
Алайда экстракорпоральді ұрықтандыруды да көмектеспейтін кездер туындайды. Оған әрине белгілі көрсеткіштер себеп болады: жатырының болмауы, жатырында ақаудың немесе туа біткен ақаудың болуы. Осы тұста суррогат ананың қызметіне жүгінуге тура келеді. Немесе бірнеше рет экстракорпоральді ұрықтандыру жасатқан әйелдердің жатыры бала көтеруге жарамай жатқан кездерде суррогат ананың қажеттілігі туындайды.
Негізі Қазақстанда суррогат аналар көп деп айта алмаймын. Біздің орталықтың өзі жылына 100-ге дейін суррогат ана пайдаланады. Және оған көп сұраныс бар деп те айта алмаймын. Суррогат ана болып тек 1-2 баласы бар келіншек бола алады, көп баласы бар аналарға рұқсат бермейміз. Сонда суррогат аналарды туған баласының санына қарап таңдаймыз. Әр әйел тек екі рет ғана суррогат ана бола алады.
Психологиялық тұрғыда қазақтар суррогат анаға, донорлық клеткаға қалыпты түрде қарайды. Өйткені, көп жылдар бойы ата-ана атана алмай жүрген ерлі-зайыптылар бала сүю үшін көптеген тәуекелге барады. Бұл сұраққа келгенде біз де өте мұқият жұмыс істеуге тырысамыз. Өз ұрықтары жарамай жатқан кезде туған бауыр-інілерінің, апа-сіңілдерінің ұрықтарын аламыз.
Дегенмен өздері бала тауып көрген азаматтар біз бен сіздердің әрекеттірімізді қайшыға балап, шариғатта жасанды ұрықтандыру жолымен бала табуға бомлайды деген пікірлерді айтып жатады. Сондықтан бұл жерде адамдардың түсінігі балалы және баласыз отбасылардікі болып бөлінеді.
Және тағы бір айтарым, Қазақстанда суррогаттылық пен донор клеткасын пайдалану сияқты медициналық мүмкіндіктер заңды түрде рұқсат етілген. Сондықтан осы жылдар ішінде суррогат ананың көтеріп берген баласына таласуы тіркелмеген. Біріншіден, ол әйел суррогаттыққа туған балаларын асырау үшін, ақша қажет болғандықтан келіседі. Екіншіден, ішіндегі баланың өзінікі емес екенін анық біліп тұрады, сол себепті де ішіндегі балаға таласатындай аналық сезім болмайды. Тоғыз ай көтеріп, туған соң баланы биологиялық әке-шешесіне беріп кете береді.
Ал донор клеткасын пайдаланған әйелдерге келетін болсақ, олардың психологиясы бөлек. Ондай келіншектер өздерін сол баланың анасы ретінде таниды және психологиялық тұрғыда соған дайындалады. Тоғыз ай бойы көтерген баласымен сөйлеседі, оны босана салысымен емізеді, бірден өз қолына алады. Сондықтан балалы бола алмай, донор клеткасы арқылы ұрықтандыруға көнген әйелдер өздерін толық қанды анамын деп есептеулеріне еш кедергі көріп тұрғаным жоқ.
Криобанк пен донорлық каталог
Біз донорлардың денсаулығын толық тексереміз, бірақ оның тұқым қуалайтын ауруларын біле алмаймыз. Және біздің донорлық банктен ерлі-зайыптылар болсын, жалғыз бастылар болсын, өз қалауынша донорлық клетка таңдай алады. Мысалға, біздің сайтта донорлар туралы басты ақпарат жазылады, орталығымызда донорлық клеткалардың каталогтары бар. Соған қарап, ұлтын, тіпті руын да таңдай аласыз. Біздің орталықтан бөлек арнайы донорлық клеткаларды ұсынатын агенттіктер жұмыс істейді. Орыстың ұрығын салып бер деп жататын қазақтар да, қазақтың ұрығын сал дейтін кәрістер де болып жатады. Қазіргі заманда бұның бәрі таңсық дүние емес.
Кеңестер
Бедеуліктің алдын алудың бірден бір жолы менің ойымша, ол ерте отбасын құру мен жасанды түсік жасатпау. Сонымен қатар, қыз баланың жыныстық дамуына кішкентай кезінен мән беру керек, әрине одан кейін өзін-өзі күтіп, суық тигізбей денсаулығына мұқият болуы қажет.
Тағы бір айтарым, егер ерлі-зайыптылар 2 жылдан артық балалы бола алмай жүрген жағдайда міндетті түрде гинеколог емес, репродуктологқа барулары тиіс, ал ер азаматтар өздерінің ұрықтарының белсенділігін үйленуге дейін бір рет болса да тексерткен жөн. Және ер адамдар инфекция жұқтырудан аулақ болғандары дұрыс, әрі бала кезінде болсын, орта жаста болсын қауіпті жарақаттардан сақ болулары керек.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.