Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық дәрігерлер тұрғындарға тегін укол салуды қолға алды

Алматыдағы медициналық клиникалардың бірінің директоры Сәбит Садиев 13-15 шілде аралығында тегін укол жасайтынын хабарлады. Осындай қиын кезеңде құр қарап отыра алмадым дейді Садиев. Stan.kz тілшісі клиника басшысымен хабарласып бұл акцияны жасаудағы мақсаты не екенін сұрап білді. 

сәбит садиев

"MDN клиникасы" өз жұмысын 2016 жылы бастаған. Клиника директоры Сәбит Садиев  осы уақыт аралығында көп жағдаймен бетпе-бет келгенін айтады. Бірақ пандемияға байланысты жағдайдың бұлай ушығып кетерін білмеген. 

"Әлеуметтік желілерде көп адамдар халыққа көмектесу үшін өз үлестерін қосып жатыр. Сондықтан біз де осындай қиын қыстау кезде қол қусырып отырмай халыққа қолымыздан келгенше жәрдем беруге ниеттіміз. 13, 14, 15 шілде аралығында керекті екпесін тамырға және бұлшық етке тегін салып береміз деп шешім қабылдадық. Бүгін басталған акция болса да, көп адамдар өздерінің ризашылығын білдіріп жатыр. Қазақстан азаматы болған соң басқаларға көмектесу менің парызым. Карантинге байланысты көп адамдар жұмыссыз қалды. Қазір екпе жасатуға да қып-қызыл ақша керек. Сол үшін тегін екпе жасату арқылы көмегімізді көрсетейік деген ой болды", - дейді клиника басшысы. 

Бір қызығы Сәбит Садиев өзінің медқызметкер еместігін айтады. Мамандығы дәрігер емес, банк саласында білім алып, жұмыс істеген. 

"Өзім медқызметкер емеспін. Жеке клиникамызды ашпай тұрып, бес жыл  "Қазкоммерцбанкте", одан кейін бес жыл "Ұлттық банкте" істедім. Бас-аяғы он жылымды банк қызметкері болып өткіздім. Менің әйелім - дәрігер. Сол үшін жеке клиника ашып, осы салада кәсіп бастап кеттік", - деген ол банктегі қызметін тастауға кәсіпке деген қабілеті мен қызығушылығы себеп болғанын айтады.

"Медицина өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл жерде адамның өміріне жауапты боласың. Онымен ойнауға болмайды. Шыны керек, біз бастағанымызға төрт жыл болса да көп тәжірибені бастан өткеріп жатырмыз. Бүгін басталған акциямызға қазірдің өзінде отыз шақты адам келіп кетті. Алғыстарын жаудырып, ризалықтарын айтып жатыр. Қызуы көтеріліп, үй жағдайында емделіп жатқан кісілерді ауруханалар орын жоқ деп алмайды. Сонда ол кісілер не істеуі керек? Сондықтан барлық санитарлық нормаларды сақтап, жағдайы қатты нашар болып келсе де қабылдап жатырмыз. Үш күннен кейін бүкіл ауруханаға дезинфекция жасап, тазартып аламыз", - дейді Садиев.

Оның пайымынша, вирус жұқтырған науқастардан жұғып кетеді-ау деп қорқып отырмай, сақтық шаларын сақтап көмектесу керек.

"Клиникамдағы дәрігерлер бұл бастамамды өте жақсы қабылдап, қолдады. Төрт жыл ішінде командама өте білікті, ұйымшыл дәрігерлерді жинадым. Оларға өз ризашылығымды білдіремін", - деп қызметкерлеріне алғысын айтқан Сәбит Садиев алдағы уақытта тағы да осындай шаралар өткізетінін айтады. 

Талқылау