Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дәрігер болуды армандаймын": Оралдық альбинос жігіт ерекшелігі жайлы айтып берді

Оралдық альбинос жігіт дәрігер болуды армандайтынын айтады. Қазір колледжде білім алып жүр. Десек те ол модель болудан да бас тартпайтынын жэеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия ұлттық арнасына сілтеп хабарлайды. 

Альбинос

19 жастағы оралдық жігіт Евгений Ли көктемде қалың киініп, ауа райы жылынып, күн көзі қатты қыздыра бастағанда, бүркеніп жүруге мәжбүр. Өйткені альбинос жігіт   Евгенийдің ағзасында меланин пигменті жоқ. Сондықтан жанары әрең көріп, шашы, терісі толықтай аппақ.

"Менің көзім нашар көреді. Жазда күннің көзіне шығуға болмайды. Әйтпесе терім күйіп кетеді. Шықсам, сәуледен қорғайтын жақпамай жағам", - дейді Евгений Ли.

Атырау тумасы бүгінде Оралдағы медицина колледжінде оқиды. Массаж мамандағын таңдаған. Бірақ өзгеше жан сән әлемінде де төбе көрсетіп, модель де болып жүр. Жігіттің ерекшелігін алғаш болып Айна Абдуллина таныған. Кәсіби фотограф оны көшеде кездестіріп, артынан жоғалтып алып, әрең интернеттен хабар таратып, таптым дейді.

"Іздестіре бастағанымнан кейі екі күн өткенде, өзі жазып, мені іздеп жүрсіз бе, деді. Кейін біз түсірілімге келісіп, суретке түсіре бастадым. Менің оған "сен ерекше жансың" дегенді түсіндіріп, әрі қарай алға басқанын қалаймын. Әсіресе, сән әлемінде өзін тапса жақсы болар еді", - дейді фотограф Айна Абдуллина.

Айнаның фотосурттері шыққаннан кейін Евгенийдің өмірі өзгерген. Альбинос жігітті журнал, телевидение, интернеттегі жобалар жиі-жиі түсірілімдерге шақыра бастапты. Дегенмен ол мұндай ұсыныстар басты көздегенімнен адастыра алмайды, дейді.

"Мен интернетке шыққан соң, халық тани бастады. Алайда мен өзімді танымалмын деп ойламайын. Әрине, мен бұған қарсы емеспін. Модель бизнесіне де бет бұрсам деймін. Бірақ мен үшін қазір оқуым аса маңызды. Білім алып, жұмыс істегім келеді", - дейді Евгений Ли.

Евгений Лиден бөлек, Қазақстанда генетикалық өзгешелік себебінен альбинос атанған тағы үш адам бар. Олардың бірі астаналық Аида Жексекеева.

Кішкентай қыз ата-анасының 18 жыл күткен баласы. Ақтаулық апалы-сіңілі Әсел және Кәмилла Қалағановалар да альбинос. 14 жастағы Әсел америкалық компанияның жарнамасына түскен.

Мамандар көбіне осындай жандарды өзге елдерде шеттету бар дейді. Дегенмен гендік мутация ұшырағандар басқалардан еш айырмашылығы жоқ. Өкінішке қарай, бүгінде адам ағзасында меланин пигментін аздығын реттейтін ем де жоқ.

"Бұл дерт меланиннің толық, не шамалы жоқ болса да, пайда болады. Бұл пигмент тері, шаш түсінің қалыпты болуына жауап береді. Өкінішке қарай, альбиностардың көру қабілеті де нашар болады. Негізі бұл диагноз бала кезде қойылады", - дейді тері аурулары дәрігері Зүлфия Жетпісбаева. 

Айта кетейік, терісі мен түсі басқа альбиностар жануарлар арасында да кездеседі. 

Талқылау