Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дариға және Нұрбол Назарбаевтар табыстары туралы декларация тапсырды

Қаржы министрлігі департаментінің директоры Нұржан Қуандықов Нұрбол мен Дариға Назарбаевтар табыстары туралы декларация тапсырып қойғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Назарбаевтардың табысы туралы декларациядағы ақпараты заңмен қорғалғандықтан, оны министрлік жарияламады.

"Иә, декларация тапсырды. Өйткені барлық мемлекеттік қызметкерлер декларация тапсыруы керек. Олардың  қандай мазмұнда екенін жариялауға құқымыз жоқ. Салық кодексіне сәйкес бұл ақпарат қорғалған", – деді ол.

Қуандықов Назарбаевтардың оффшорлық есепшоттарында ақшасы бар ма деген сұраққа жауап бере алмады.

Дариға Назарбаева 2023 жылдың мамырында Қазақстанның ең бай 50 кәсіпкерінің тізіміне енді. Оның байлығы 590 миллион долларға (269 миллиард теңге) бағаланды.

"Дариға Назарбаева "DLS Group Holding Company" ЖШС-на иелік етеді, ол арқылы "Region-Media" ЖШС, "A-Service Management" ЖШС (Астанадағы төрт жұлдызды "Думан" қонақ үйі) акцияларына ие. ОҰлы Нұрәлі Әлиевпен бірге "Еуропа плюс Қазақстан" ЖШС-ны меншіктеген, ол арқылы "Radiocity" телерадиокомпаниясы" ЖШС (Radio City радиостанциясы) және "Тәуелсіз телеарна" ЖШС (НТК телеарнасы) акцияларына ие", – деп жазады Forbes.

Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев ең бай 50 қазақстандықтың тізімінде 41-орында. Оның байлығы 160 миллион доллар (73 миллиард теңге) деп есептелді.

Оның негізінен инвестициялық секторда әртараптандырылған бизнесі бар. "Prime Capital Invest" ЖШС және "Ush Konyr Invest Corporation" ЖШС Нұрбол Назарбаевтың иелігінде, ол сонымен қатар "PLS’Investment and Construction Company" ЖШС және "PLS-TM" ЖШС (соңғысы "Алматы ауыр машина жасау зауыты" АҚ-ның басым акционері) иелік етеді.

Талқылау