Дариға мен Нұрсұлтан Назарбаевтар сайлауға қатыса алады - Орталық сайлау комиссиясы
Экс-депутат Дариға Назарбаева алдағы президент сайлауына қатыса ала ма? Бұған орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Әрине, қатыса алады. Нұрсұлтан Назарбаев та қатыса алады. Президент кандидаттарына қойылатын талаптарға сай келетін кез келген адам өз кандидатурасын ұсына алады", – деді Өтемісов мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.
Бұған дейін әділет вице-министрі Алма Мұқанова тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев алдағы кезектен тыс президент сайлауына қатыса алмайтынын айтқан еді. Оның айтуынша, биыл жазда өткен референдумның нәтижесі бойынша Назарбаев мұндай құқықтан айырылған.
Еске салайық, 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдауы аясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев күзде кезектен тыс сайлау өткізуді ұсынған.
Айта кетейік, қаңтар оқиғасы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев билікке ықпалы күшті Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы қызметінен айырылған. Кейін заңнан елдің сыртқы және ішкі саясатына қатысты мәселелер бойынша Назарбаевтың келісімін алу керек деген талап алып тасталды. Назарбаев пен оның отбасы бұрынғы құдіретінен біртіндеп айырыла бастады, туған-туысы лауазымды қызметтерінен түсті, кейбірі тұтқындалды. Маусым айындағы Конституцияға енген өзгерістерден кейін бірінші президентке берілген артықшылықтың бәрі алынып тасталды.