Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дариға Бадықова: "Қазыбек Құрайыш әнін бермей қойды"

Белгілі актриса Дариға Бадықова жаңадан эстрадаға қосылып жатқан әншілерге өкпелі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жуырда актрисаның “Таптым-ау, сені” атты фильмі жарық көрмек. 

“Фильмге бас-аяғы 108 миллион теңге жұмсадым. Алғаш рет продюсерлік еттім. Өзім киноға түсіп жүргенде өте кірпияз едім. Соны да ескеріп, фильмге түсетін барлық актер-актрисаның жағдайын жасадым. Грим жасайтын заттарына дейін жаңадан алдық. Оның бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Алғашқы қадам болғасын ақшамды сатылымнан шығарып аламын деп айта алмаймын, бірақ көрермен көңілінен шығатын фильм болатынына сенімдімін”, – дейді актриса.

Сонымен бірге актриса фильм түсіру барысында саундтрекке ән таппай қиналғанын жасырмады. 

“Саундтрек жаздырарда сыған болып кеттім. Хабарласпаған композитор, сазгерім жоқ. Сатып алуға дайын болдым. Ол кісілерден жаңа ән жазып беруін сұрадым. Біздің киноиндустрияда жаңа фильмге жаңа ән жазу керек деген стереотип бар. Мен соны бұзғым келді. Қазіргі таңда композиторлар ән шығармайды, шығарған күннің өзінде, өзі айтып кететін болып жүр. Фильм барысында Олжас екеуміздің эмоцияға берілетін сахнамыз бар. Сол картинаға лирикалық музыка керек болды. Қазыбек Құрайыштың “Таптым-ау, сені” әнінің мелодиясын қоюды ойладық. Рұқсатын алмақ болып хабарласқанымызда мүлдем жауапсыз қалдырды. Көмекшісі арқылы да шықтық. 28 секундтық жерге әнінің мелодиясын алу үшін қанша күн рұқсатын ала алмай жүрдік. Бір күні “бере алмаймын” деген жауап келді. Мен оны сатып алуға да дайын болдым. Тегін берсе, рахметім де болатын еді, бірақ рұқсатын бермегесін қоя салдық. Содан кейін Калифарнияның да бір әнінің мелодиясын қосқымыз келді. Ол бір миллион теңгеге сатамын деді. 15 секундтық музыкаға бір миллион теңге төлей алмайтынымды айттым. Қалталы продюсер емеспін. Бірақ екі інім әндерін бергенде жақсы мейрамханадан болса да тамақтандырып, рахметімді айтатын едім”, – дейді актриса. 

Қазір хит болған “Сезім үшін” әнінің алғашқы орындаушысы Ғазизхан Шекербекұлы тегін берген көрінеді. 

“Ғазизханға хабарласып әнін сұраған едік, тегін бере салды. “Киноңызға қосқан үлесім болсын” деді. Әнге жаңа тыныс бергендейміз”, – деді өнер иесі. 

Талқылау