Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дана Нұржігіт: Мен Америкаға кеткенде әкем өлім аузында жатты, мен келгенде қайтыс болды

Белгілі тележүргізуші, журналист Дана Нұржігіт өмірі мен шығармашылығынан сыр шертті. Әкесінен айырылған соң ерте есейген журналист өмірінде кездескен қиындықтарды, бақытты шақтарын еске алды. Отбасы мен ортасы, журналистикаға басқан қадамы жайлы баяндады. 

Бұл туралы "Ең алғашқы" бағдарламасыда айтылды.

Дана Нұржігіт інісі Рүстем Нұржігітпен бірге Ахмет Жұбанов атындағы музкалық мектепте білім алған. Бала күнінен белсенді ізденімпаз, шыншыл болып өсті. Отбасылық ансамбльде өнер көрсетті, хор әншісі болды.

"Мен бала кезімде ән айтатынмын. Бірде інім дарынды балаларды іріктеп Америкаға таңдап жатқанын айтып келді. Інімнің жас жетпейді екен, сондықтан мен бардым. Ән айтып едім бірден алды. Америкаға барып өнер көрсететін болдық. Ол кезде баламын. Мен Америкаға кетерде әкем ауырып қалды. Мұхтар Әлиев ота жасады. Әкемнің жаман ауруға шалдыққанын, біздің кешігіп қалғанымызды айттық. Ауруын дер кезінде емдемеген екенбіз. Содан 4 ай ғана өмір сүреді деді. Әкем отада жатқанда анам менің қажетті киім-кешегімді алып, Америкаға аттандырып жіберді. Қазір мен анамның батылдығынна қайран қаламын. Америкаға жаздың маусым айында аттанып, тамыз айында келдім. Ауруханада әкемді көріп, жағдайының мәз емес екенін түсіндім", - деді Дана Нұржігіт. 

Анасының айтуынша, тележүргізуші әкесінің ауырып жатқанын ауыр қабылдаған. Өзінің алыс сапарға аттанғанына өкініп, әкесінің қасында болмағаны үшін жылаған күндерін айтты. 



"Егер бұлай ауыратынын білгенде мен ешқайда бармас едім деді. Мен оған әкесінің ауырғанын айтпастан Америкаға шығарып салдым. Әкесі қызын күтіп жатты. Дана 40 күннен соң келді. Әкесі 20 күн өткенде қайтыс болды. Мен әкемнің қасында болар едім деп жылады. Күнде әкесінің қасында болды. Әкесі өзінің мәңгі өмір сүрмейтінін айтты. "Сен Америкаға барып келдің, енді сен ең үлкенісің. Енді екі бауырыңа пана бол деді. Дана ол кезде енді ес жиып келе жатқан қыз еді. Күйзеліске түсті. Қазаны ауыр қабылдады. Әкесі кеткен соң бірден есейіп кетті", - дейді анасы Күнсұлу Ераханқызы.

Дана Нұржігіттің әкесі 39 жасында өмірден өтіп, анасы 36 жасында жастайынан жесір қалды. Алайда әкесінің орнына азамат іздеп, екінші рет тұрмыс құрмаған екен.

"Әкем анама өлерінің алдында "екі жыл төсегімді таза ұста, одан кейін тұрмысқа шық" деп рұқсатын берген екен. Бірақ анам тұрмысқа шықпады. 36 жас деген тым ерте жас. Бірақ тұрмыс туралы ойлаған жоқ. Бірақ соңғы жылдары Қанат Құлымжанов деген азаматпен бас қосты. 2018 жылдың желтоқсан айында анамның туған күнінде Қанат ағамыз салтанатты түрде сөз салып, асқан мәдениеттілікпен көңіл білдірді. Солайша бір-біріне тіреу болып отыр. Ол кісі театрда жұмыс істеген. Әкем секілді өнер адамы. Алматыда Наурызбай ауданында ардагерлер хорының жетекшісі. Біздің ешқандай қарсылығымыз болған жоқ. Керісінше ол кісіге арнайы алғасымды айтқым келеді", - деді тележүргізуші.

Ұстаздары Дана Нұржігіттің бала күнінен өте шыншыл, бауырмал, әділетті болып өскенін айтады. Тіпті өзінен үлкен мұғалімдердің әділетсіздігін көрсе, жасырмай айтып, балаларды қорғап жүретін көрінеді. 

"Дана балаларды қорғап өсті. Шыншыл болып өсті. Ата-анасынан жырақта жүрген балаларды аяйтын. Бірде бір мұғалімге балаларға ұрысқаны үшін қарсы шыққан. Соңы үлкен дауға ұласты. Дана мұғаліммен ұрысқаны үшін кешірім сұраудан бас тартты. Мұғалімдікі дұрыс емес деп тұрып алды. Сонда мектеп болып бәрі Дананың жағына шықты. Бала күнінен сондай өжет, жігерлі қыз еді", - деді ұстазы Майра Аханбайқызы. 

Талқылау