Соңғы жаңалықтар

"Менің жоғарыда тіреуім жоқ": Дана Нұржігіт сенаттан бір-ақ шыққаны туралы

Қазақ телевизиясында өзіндік дара жолы бар, көптің көзайымына айналған журналист, тележүргізуші Дана Нұржігіт жақында ғана Сенат депутаты атанған еді. Лауазымды қызметке отырғалы өмірінде не өзгерді және бұл жаңалықты отбасы қалай қабылдағанын Stan.kz тілшісіне айтып берді.

дана нұржігітДана апай, қазіргі телевизияның жай-күйі туралы не айтасыз?

Қазір мен әлеуметтік желідегі жұлдыздар мен телевизиядағы жұлдыздардың сайысын көремін. Блогер ретінде немесе жеке парақшасының жұлдызы болып, өзінің фолловерлерінің көптігіне қарай телевизияның менеджерлері жүргізушілерді сол нарықтан алатынын көріп отырмын. Демек, бәйге қыза түсуде. Мұның жақсы жері де, кемшін тұстары да бар.

Телевизиядағы тілге, орфоэпияға байланысты олқылықтарды әлеуметтік желіден көшкен адамдар жөндей қояды дегенге сенбеймін. Бәрібір «мектептен» өтуі керек. Тіл тазалығы - ең ақсап жатқан тұсымыз. Мүмкін дикторлар мектебін қайта ашып, жастарды көркем сөз қадірін түсірмеген дикторларымыздан оқыту керек пе деген ойға келемін кейде. Ондай ұстаздар арамызда жүр ғой!  

Youtube-та өзінің жеке каналын ашып, сұхбаттың "биік деңгейін" көрсетіп жүрген әріптестеріңіз туралы пікіріңіз?

Өкінішке қарай, бүгінгі күні салмақты сұхбаттардың мазмұндық жағынан артықшылығы бар болғанмен, былапыт сөз қосылған, қауесет әңгіменің ар жақ-бер жағындағы дүниенің наны жүріп тұр.

Жас журналистер "атың шықпаса, жер өртеге" салынып жатса, түсінуге болады. Ал енді орта жасқа келіп, өмірде, кәсібінде түйгені бола тұра сондай нәрседен бас тартпау, өз деңгейіңнен төмен дүниелерді жасауға мойынсұну қандай компромисс деймін?! Сондай лас дүниелерге ортақтасуды түсінбеймін. Мысалы, мен қыздың арын сату туралы хабарды еш уақытта жасамас едім.

Сенат депутаты болған соң не өзгерді?

Өте ауыр да, мәртебелі жүк. Бұл - саясат, мемлекеттік жұмыс.  Сенаттағы қызметімдегі басты өзгешелік – ойлау, сараптау ауқымының кеңейгендігі. 

Әрине, бұл интеллектуалды жұмыс. Көп нәрсені сараптау, оқу керек. Оның үстіне телевизиялық шығармашылық жұмысым да тоқтаған жоқ. Біз телевизияда тұлғаның тарихтағы орнына үңілсек, енді мен мемлекетте қабылданып жатқан заңдарға сараптама жасауым  керек. Кез-келген шешімге заң тұрғысынан және қарапайым адамның өміріне қалай әсер етеді деген тұрғыдан қараймын. Бұл аса жауапты іс екенін, халық сөзіне құлақ түре жүріп, қарапайым тіршіліктен ажырамай, бүгін дұрыс қабылданған шешім ертеңгі оң істеріміздің бастауы екенін терең ұғынамын.

дана нұржігітСіздің депутат болып тағайындалғаныңызды үйдегі балаңыз бен жұбайыңыз қалай қабылдады? 

Бала үйдегі өзгерісті түсінеді. Ант қабылдайтын күні таңертең, яғни екінші қыркүйекте, ол - мектепке, мен - Сенатқа бара жаттық. "Әлім, енді сабақты 5-ке оқы!" десем, ол өз бидайымды өзіме қуырып беріп: ал, сіз жұмысыңызды 5-ке жасаңыз деп қағып түсті! "Құп болады!" дедік.

Ал, жолдасым Мұрат болса, бұл хабарды естіген күннен: бірінші кезекте - сенің денсаулығың мен жұмысың деді. Жалпы, Мұрат "менің әлемімді" тұтас қабылдай білетін азамат. Сонысына ерекше ризамын! Иә, әйел бол, иә қоғамдық қызметте бол деген таңдауға әкеп тіремеді. Керісінше, кездескен күннен: мемлекеттік қызметте отыратын адамсың ғой деп күліп отыратын... Сонда мен, "Кез-келген еркек әйелінің үйде отырғанын қалайды. Сен неге мені далаға қуа бересің? Менің жай ғана әйел, жай ғана ана болғым келеді" дейтін едім.

Бүгінгі қызметте жүріп, мен дәл Мұраттай қолдаушым барына тәубе деймін. Ол жағынан мен бақытты адаммын.

Өзіңіз қалай қабылдадыңыз?

Мен үшін күтпеген ұсыныс болды, әрине. Сол күні балама мектеп киімін дайындауға дүкенге бара жатқанбыз. Сөмкедегі телефоным шырылдап, көтерсем: "Сізді жоғары жаққа шақыртып жатыр. Екі сағаттан кейін дайын болыңыз" деді. Апыл-ғұпыл жиналып барсам, "Осы күндері қалада болыңыз, бірнеше күннен кейін жарлық шығады" деді. Болды.

Меритократия деген сөзді елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы да, Қасым-Жомарт Кемелұлы да жиі айтады. Мен сол ұғымды өз өмірімнен айқын көремін. Телевизияға 90-ншы жылдардың ортасында  24 жасымда тамыр-таныссыз жұмысқа тұрған күннен бастап, бар өмірім көрермендер алдында өтіп жатыр. Мені өсірген - кәсібім.

Әлеуметтік желіде өміріңізді ашық жазып кеттіңіз. Неге?

Өйткені, өмірі тығырыққа тірелген қыз-келіншектерді көрдім. Инстадағы парақшама көптеген сұрақтар келіп түседі. Көмек сұрайды,кеңес сұрайды. Сондықтан өмірімде болған қиын сәттерді осылайша ашық жазу керек шығар деп ұйғардым. Тренингтерге қатысып, үйдегі қарым-қатынасты бір сәтте сол арқылы түзеу, меніңше, уақытша ғана нәтиже береді. Өз тәжірибемнен айтсам: адамның нақты мақсаты болмай, жанын беріп істейтін сүйікті кәсібі болмай, ештеңе өзгермейді. Қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып, білім жетілдіріп, өз жоспарын, уақытын, қаржысын сауатты жұмсай білетін адам ғана жетістікке жетеді. Еріншек қашан да сәтсіздігінің себебін іздейді, ал жетем деген адам мүмкіндіктер іздейді. Жоқты бар етеді. Тек өзіне сенеді. Тәй-тәй басқан бала жерден таяқ жеп жүріп қатаяды емес пе?

Өз басым  үш баланың тұңғышы болып, әкесіз қалған соң анама да, бауырларыма да пана болуға тырыстым. Одақ ыдырап, анам жұмыссыз қалған соң жатақхана тауып, ауылдан қалаға көшіріп алдым. Қиындықты бірге көрдік. Сенер адамыңның болмауы мен үшін ең мықты мотивация. Артымдағы шағын отанымды, яғни отбасымды қалай да алға сүйреуім керек деген ой тыныш, қамсыз өмір сүруге  мұрсат бермеді. Кәсібімдегі оң нәтиже  отбасымды  берекеге толтырды. Қазір бәріне шүкір деймін. Еңбекпен келген жеңістің дәмі тәтті ғой!

дана нұржігіт

Өмірден үйренген ең үлкен сабақтарыңыз туралы айтсаңыз.

Өмірден алған сабақтарым - өмірден алған соққыларым. Солар арқылы қатайдым, ширадым. Өзімді сабырға шақырдым.

Басты мұғалімім - кәсібім. Телевизия өзіме-өзім сұрақ қоюды үйретті. Көппен  тіл табысып, адамды тыңдай білуді, ізденуді, сараптауды, өзіңе өзің сырт көз болуды үйретті.

Жеке өмірімде сатқындықтар көп болды дегеніңіз бар. Жеке өмірде де, кәсіпте де қандай сатқындық көрдіңіз?

Нақты айтудың қажеті шамалы шығар. Болары болды. Бояуы сіңді. Мені сатпайтын - кәсібім. Мен соны ұқтым. Мақсаты анық адам ғана аз ғана мүмкіндікпен үлкен нәтижеге жете алады. Оған өмірден көрген соққы да, сатқындық та кедергі бола алмайды. Ондай адамдар өз ісін таза, адал жасайды. Оған мың мәрте көзім жетті. Бұл ойым Абайдың, "...өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап... " деген бір ғана жолына саяды.

Парақшаңызда көпбалалы аналар туралы пост жазған екенсіз. Қалай ойлайсыз, көпбалалы аналарға тиісті деңгейде көмек көрсетіліп жатыр ма? 

Бес бала өсіріп отырған медбике, Мақпал есімді келіншек  туралы постымның соңындағы комментарийлерден бұл мәселеге байланысты оқырмандарымның пікірі біржақты емес екеніне көзім жетіп отыр. Ал, көмек тиісті деңгейде ме дегенге келсек, бастысы мемлекет көпбалалы отбасылар проблемасын жіті назарда ұстап отыр. Әлеуметтік көмектің жаңа жобасының ұсынылуы осының айғағы болса керек.

 

Сұхбатты жүргізген: Жанна Мәлік

Талқылау
Пікір
Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР

Солтүстік Қазақстан тұрғындарының саны бір миллионға жуық адамға азаюы мүмкін

Петропавлда қазақстандықтарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру мәселелері талқыланды

Иесінің қатерлі ісік ауруын сезіп, оның өмірін сақтап қалған төбет

Қан құрамындағы қатерлі дертті сезе алады

"Анама сөз қайтарсаң, сол күні-ақ талақ деймін": Арсен Акиев үйленер алдында әйеліне қандай талап қойғанын айтып берді

Арсен Акиев болашақ әйеліне анасындай қадірлі жан жоқ екенін бірден ескерткен

Қызылордада аялдамада болған жол апаты: Марқұмдардың отбасына көмек көрсетіледі

Жантүршігерлік апат салдарынан 4 адам көз жұмған еді

Алматыда риэлтор үйлерді арзан сатамын деп жұртты алдап келген

9 қылмыстық іс бойынша жала жабылды

Алматыда балалар үйінің із-түзсіз жоғалып кеткен тәрбиеленушісі табылды

Полиция оны аман-есен тапты

Ер адам мұсылман әйелді жүктілігіне қарамастан аяусыз ұрып тастады (видео)

Әйел жүктілігінің 9-айында жүрген

Доллар бағасы 385 теңгеге төмендеді

"Алматыда жұмыс істеу мүмкін емес". Jah Khalib Дмитрий Гордонға сұхбат берді

Алматы тек демалыс үшін ғана қолайлы

Оралда 10 жасар қыздың өлімінен кейін қала әкіміне сөгіс жарияланды

Облыс әкімінің сөзінше, қалада адам өліміне алып келетін жол апаттарының саны 41 пайызға артқан
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр