"Даму" Қоры Freedom Bank кепілдік қорына алғашқы ерікті жарнаны қабылдады
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметпен, "Бәйтерек" холдингімен және екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп құрылған "Даму" Қоры базасында Қазақстандағы алғашқы шағын және орта бизнеске арналған кепілдік қоры бастапқы нәтижелерін көрсетіп отыр.
Құралдың тиімділігі мен тартымдылығы банктердің кепілдік беру лимиттерін ұлғайту үшін Кепілдік қорына өздерінің ерікті жарналарын жүзеге асыруға дайындығымен расталады.
Осылайша, Freedom Bank Кепілдік қорына жарна салған алғашқы банк болды.
"Кепілдік қоры шағын және орта бизнесті қолдау, кредиттеу нарығын ынталандыру және кәсіпкерлердің қаржыландыруға қол жеткізуін жеңілдету үшін құрылған. Freedom Bank қаржы нарығының басқа қатысушыларына Қазақстан Үкіметі іске асыратын экономиканы дамыту жөніндегі бастамаларға белсенді қатысудың маңыздылығын көрсеткен алғашқы ерікті жарнаны жүзеге асырғаны үшін ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Екінші деңгейдегі банктер мен басқа да инвесторлар тарапынан инвестицияларды белсенді тарту кәсіпкерлер үшін неғұрлым орнықты, икемді және тәуелсіз қаржылық қолдауды қамтамасыз ете отырып, қолдау тетіктерінің бюджет қаражатына тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті "Даму" КДҚ" АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев.
"Бұл құрал бизнеске кепіл шектеулерін еңсеруге, қажетті қаржыландыруды алуға және жеке инвестициялар арқылы стратегиялық маңызды бағыттардың дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда банк жалпы сомасы 11,7 млрд теңгеге жобаларды мақұлдады, бұл соманың 40%-дан астамы кепілдіктермен қамтамасыз етілді. Бұл жобалар бірлесіп ондаған жаңа жұмыс орындарын ашады және өңірлер экономикасының дамуына үлес қосады", - деп атап өтті Freedom Bank Директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов.
Freedom Bank-те қазіргі уақытта 50 млрд теңгеден астам сомаға жобалар қаралуда, олардың бір бөлігі де кепілдікпен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Жобалардың 70% - дан астамы жаңа өндірістерді іске қосуды, жабдықтар сатып алуды және құрылысты қоса алғанда, инвестициялық мақсаттарға бағытталған. Өтінімдердің ең көп саны өңдеу өнеркәсібінде мақұлданған - барлық берілген қарыздардың шамамен 40%-ы. Сондай-ақ, көлік-логистика саласында, денсаулық сақтау мен білім беруде жоғары сұраныс байқалды.
Екінші деңгейдегі банктерде қаражатты портфельдік орналастыру есебінен ШОБ үшін Кепілдік қоры Бизнестің кредиттеуге қолжетімділігін кеңейтеді, бұл кәсіпкердің кепілі жеткіліксіз болған жағдайларда кредиттер бойынша қаржыландыруды 7 млрд теңгеге дейін жылдам алуға мүмкіндік береді.
Қордың кепілдігі Банктер үшін несиелік тәуекелдерді төмендетудің тиімді құралына айналды. Бұл оларға Мемлекет басшысы мен Үкімет қойған міндеттерге сәйкес келетін экономиканың нақты секторын белсенді қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Жаңа механизм бизнеске бірқатар маңызды артықшылықтар береді. Алдыңғы бағдарламалардан айырмашылығы, Қордың кепілдіктері сөзсіз және қайтарылмайтын болып табылады, бұл олардың күшін жою мүмкіндігін болдырмайды. Кредит пен кепілдіктің шекті сомасы да, жабу үлесі де - жаңадан бастаушылар үшін де, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін де 85% - ға дейін айтарлықтай ұлғайтылды. Кепілдік шығаруға өтінімдерді қарау мерзімі екі жұмыс күніне дейін қысқартылды. Кепілдік құны ШОБ үшін 1,5% және ірі жобалар үшін 2% құрайды.
Кепілдік алу үшін кәсіпкерлер Freedom Bank-тің кез келген бөлімшесіне жүгінуі қажет, сондай-ақ Қордың өңірлік филиалдарынан немесе Call-орталықтан 1408 нөмірі бойынша кеңес алуға болады.