Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шыққаныма өкінемін": Тұрмыстық зорлық көрген алматылық келіншек оқиғасын баяндады

29 жастағы Алматы тұрғыны Әлия күйеуінің тепкісіне тап болып, үйінен кеткен. Жолдасымен айырылысқан соң жақындары да одан теріс айналып, далада қалғанын айтады. Тіпті екі баласымен көшеде түнеген кездері болыпты. Несие алып, қарызға белшесінен батқан әйел бала-шағасын асырауға шамасы келмей, ақырында дағдарыс орталығын паналауды шешеді. Stan.kz тілшісі Әлияның оқиғасын тыңдап, “Жан-Сая” дағдарыс орталығы қиын жағдайда қалған әйелдерге қандай көмек ұсынатынын білді.

Басында жақсы жігіт болып көрінді

Әлияның (аты өзгертілді) айтуынша, отбасындағы проблема қайын жұртымен түсініспеушіліктерден соң басталған. “Басты себеп – жолдасымның өзге ұлт өкілі болғандығында”, – дейді қазақ келіншектің өзі. Айтуынша, күйеуі мен оның туыстары арасында жанжал көп болған. 

Әлия тұрмыс құрмай тұрып бәрі жақсы болғанын айтады, бір-бірімізді жақсы көріп қосылдық дейді. Жолдасына тұрмысқа шығуға оның өзге ұлт екендігі кедергі болмаған. Алайда қазір екі баланың анасы бұл шешіміне қатты өкінетінін айтады. Тіпті жас қыздарға өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығудан аулақ болуға шақырады.

 

Енем “Кет!” деп ұрды

“Жоласыммен жұмыс істеп жүрген күндері таныстық. Басында бәрі жақсы болатын, жақсы жігіт болып көрінді. Бір-бірімізді жақсы көрдік, мен оны жасырмаймын. Тұңғыш қызым сәуір айында 3-ке толады, екінші ұлым 8 айлық. 

Арада түсініспеушілік көп болды. Себебі, жолдасым басқа ұлт. Мен де, әке-шешем де талап еткенімен, жолдасым той да, құдалық та жасай алмады. Тұрмысқа шыққан соң, ажырасамын деп ойламайсыз ғой?! Уақыт өте келе ұрыс-керіс, жанжал туындай беретін жағдайға жетті. "Мінезі дөрекі, мәдениеттері төмен бе"  – қаншалықты деңгейде бұлай баға беруге болатынын білмеймін. Тіпті бір жолы енем екеуміздің арамызда жанжал туындап, мені жұлқылап, ұруға дейін барды. Мен де итеріп жібердім. “Кет!” деген соң, заттарымды жиыстырып, баламды алып үйден кетіп қалдым.  Кейіннен анам екеуміз келіп жүрдік, анам жолдасымнан "Бірге тұрасыңдар ма, тұрмайсыңдар ма?" деп сұрап жүрді. Жолдасым бір айдан соң әке-шешесіне ескертпей, менің артымнан келді”, – деп есіне алады Әлия.



Айтуынша, осыдан соң жолдасының туыстары мен әке-шешесі "қазақ әйелінің артынан кетті”, “қазақ әйелі алып кетті”, “енді менің ұлым да, келінім де жоқ" деп, олардан теріс айналған. Ал қайын атасы “бұл үйге аттап кіруші болма” деп шаңырағынан қуған.

 

Әке-шешем қайта-қайта қуып, үйден кеттім

“Жолдасым соңымнан келген соң, біраз уақыт пәтер жолдап тұрдық. Сол уақытта күйеуіммен жиі ұрысатын болдық. Кейіннен оның неше түрлі қылықтары шыға бастады, ешкімге айта алмай, көп кемшілігін жасырып жүрдім. Карантин басталған уақытта ауылдағы әке-шешемнің үйінде тұрдық. Онда да көп тұра алмай, бөлек шықтық. Карантиннен соң өз атымнан микроқаржы ұйымынан шағын несие алдым. Басты мақсат пәтердің ақысын төлеу болған. Несиені уақытында төлей алмадым, содан бері, міне, екі жыл уақыт өтіп кетті. Күйеуім төлеген жоқ, бізді әке-шешемнің үйіне тастап өзі қалаға кетіп қалды. Арасында келіп тұрды. Несие төлемеген  соң барлық шоттарым бұғатталған, қазір тіпті жәрдемақы алуға мүмкіндік жоқ”, – дейді ол.

Әлияның айтуынша, күйеуі нашар мінез көрсеткенімен қоймай, ұрып-соғатын. Жұмыс істемей, отбасын асырай алмаған. 

“Өзімді де, тегімді де жаман атты еттім. Микро қаржы ұйымы заң негізінде ешқандай көмек көрсете алмаймыз деп жауап берді. Памперс, сүт керек болған соң, осы жерге келіп түстім.  Өте қатты өкінемін, адам болған соң қателіктер болады ғой. Әке-шешемнің көңілі қалып, қайта-қайта қуды. Көп туыстарым түсіністік таныта алмады. Қалада тұратындар болмаса, ауылда тұратын туыстарым түсінбейді. Күнде ұрыс, сол себепті ауылдан кетуге мәжбүр болдым. Әке-шешем ұрысады, жалғыз қызымын ғой. Қазір жастарға көрген жерде: “Басқа ұлтқа шықпаңдар, махаббат жайына қалады екен. Өзіміздің қазаққа шығыңдар деп айтып отырамын дейді ол”, – дейді келіншек.


"Жақындарым жерге қараттың деп айыптады": Жасөспірім кезінде зорлықтың құрбаны болған құқық қорғаушы қиындықтарды қалай еңсергенін айтты 


Екі баламмен далада түнеген кездер болды

“Ата-енеме өзім басымды иіп, тәрбие көрген екенімді көрсетейін деп жақында үйлеріне бардым. Бір сағат далада тоңып тұрғаныммен, есіктен ары кіргізбеді. Далада тұрған, жол жүрген үш сағатта қайта оралғанда балаларым ауырып қалды. Күннің ыстығына да, суығына да қарамай саябақта, көшеде түнегенім де аз болған жоқ. Құрбыларымды паналауға мәжбүр болған күндер де болды. 7, 8 наурыз күні вокзалда отырып, таң атырдым”, – дейді Әлия.

Әлияның жоғары білімі бар, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмәмдаған.  
Бұрын жұмыс істеп, ата-анасын асырағанын айтады. 

“Көзім ашық. Қолымнан бәрі келеді. Сатушы, кафе, ресторандарда әкімші, бала күтушісі, менеджер болып та жұмыстар атқардым”, – дейді ол.

Әлияның екі баласы да өзімен бірге дағдарыс орталығында. Қазіргі таңда күйеуімен ажырасуға өтініш беріп жатыр.

Дағдарыс орталығында заңгерлер көмек көрсетіп жатқанын айтады. Алайда Әлияның қазіргі машақаты жәрдемақысын ала алмауына байланысты. Сондай-ақ, алған қарызын қайтаруға да қаражат керек.

“Жәрдемақы жағын бұл жерде қарастыра алмайды екен, сотқа өтіп кеткендіктен өзім шешуім қажет. 100 мыңнан астам соманы қазір тауып, несиені қайтаруға мүмкіндігім жоқ. Аңқаулықпен болған істің зардабын қазір тартып отырмын”, – дейді ол. 

Келіншектің қазіргі мақсаты– ұл-қызымды өсіріп, өз-өзін қолға алу. Өмірден түйгенім  – мықты болу керек екен дейді ол.

“Балаларым үшін өмір сүремін. Қайтадан бұрынғыдай мықты болып, жұмысқа орналасып, балаларымды ешкімнің аузына қаратпай өсірсем деймін. Менің өмірде түсінгенім: ең алдымен ақылға салып іс-әрекет жасау керек, өз-өзіңе мықты болып, көз жасыңды ешкімге көрсетпеу керек”, – деп қорытындылады сөзін Әлия.

 

Қиын жағдайға тап болған әйелдерге дағдарыс орталығы қандай көмек береді?

"Жансая" дағдарыс орталығы 2017 жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерді қабылдаумен айналысып келеді. Орталық әлеуметтік 8 бағытта көмек көрсетеді. Оның ішінде медициналық, педагогикалық, психологиялық, еңбек, заңгерлік және мәдени көмекті атап өтуге болады. Орталыққа келіп түскен әйелдер көбінесе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары.

Қазіргі уақытта орталықта 14 әйел мен 28 бүлдіршін көмек алуда.

“Әйелдерді арнайы стандарттар арқылы қабылдаймыз. Мемлекеттік мекеме болған соң, бекітілген ережелер болады. Бізге әйелдер интернет желісі арқылы немесе аудан орталықтарының полиция бөлімшелерінен, 150 сенім телефоны арқылы жүгінеді. Сенім телефондарына тек қана әйел адамдар ғана емес, жасөспірімдер, үлкен кісілер, тіпті ер адамдар да хабарласып жатады. Сондай-ақ, кейде жәбірленушінің көршілері, туыстары да оқиға туралы хабар береді”, – дейді арнайы әлеуметтік қызметкер Зульфия Умарова.

Қызметкердің айтуынша, жолдасымен татуласып, отбасына қайта оралатын әйелдер де болады.

“Екі баласы бар келіншек бізге келіп түскен. Үш ай бойы біздің орталықта тұрақтап, бухгалтерлік курсын аяқтаған соң,  ірі супермаркет желісіне бухгалтер болып жұмысқа орналасты. Кейіннен жолдасы келіп, қазіргі таңда тату-тәтті тұрып жатқан жайлары бар. Қиналған сәтте қол ұшын создыңыздар, отбасымды сақтап қалуыма себепкер болдыңыздар" - деп, хабарласып, алғысын айтып тұрады”, – дейді ол.

Тұрмыстық зомбылық көріп, жолдасымен қосылмай өз бетінше тәуелсіз өмір сүріп кететін әйелдер оқиғасы да орталықта жетерлік. Соның бірін Зульфия Умарова айтып берді:

“Бір жолы ерлі-зайыптылардың күнделікті бір-бірімен ұрыса бергендерін байқап жүрген көршісі сенім телефонына хабарласып, әйелді біздің орталыққа бағыттап жіберген екен. Күйеуі әйелін күнде ұрса да, әйел ешкімге шағымданбаған. Зәбір көрген әйел ақырында бізге келіп орналасып, 3 ай бойы көмек алады. Қазіргі таңда экономикалық жағынан өз-өзін қамтамасыз етіп, жеке тұрып жатыр”, – дейді ол оқиғаны есіне алып.

Агрессорлар дағдарыс орталығына әйелдерін іздеп келетін жағдайлар болады екен.

“Кейбір әйелдер Instagram парақшаларына зорлық-зомбылықтың нышанын білдіретін әртүрлі суреттер салуы мүмкін. "Геолокация" арқылы тұрғылықты мекен-жайларын анықтап, әйелдер қауымына қысым көрсетіліп жатқан орынға жеткен біздің қызметкерлердің өзіне де қауіп төнген кездер болады. Орталық күзетпен қамтамасыз етілген. Бізге келіп қоқан-лоққы көрсеткен жағдайлар орын алса, бірден 102-ге хабарласып, тиісті орындардың көмегіне жүгінеміз”, – дейді Зульфия. 

Дағдарыс орталығындағы қазіргі проблема – азаматшалардың құжаттарының толық болмауы. Әсіресе, көрші ел азаматшалары да орталық көмегіне жүгінеді екен.

“Олардың көбінесе құжаттары дұрыс емес, немесе тіпті құжатсыз болуы мүмкін. Азаматтығы жоқ жеке тұлға болады. Мәселен, Қырғызстан мемлекетін алар болсақ, не қырғыз елінің, не біздің елдің азаматшасы болмай шығатын жағдайлар жиі кездеседі. Туу туралы кәліктері болған күннің өзінде түпнұсқалары емес, көшірмелері ғана болады. 

Дегенмен, Алматы қаласында барлық көршілес мемлекеттердің елшіліктері орналасқан, бұл мекемелер арқылы өтініштер жасалады. Яғни бізге келіп жүгінген келіншектің көрсетілген мемлекеткеттегі мекенжайға қатысты нақтылау шараларын жүзеге асырамыз. Бұл – өте ұзақ процесс. Мұндай жағдайда біздің мекемеде қыз-келіншектер 6 айға дейін тұрақтайды. Яғни алты айға дейін тұруға мүмкіндік береміз. Қазақстан азаматшаларына қатысты процесс басқаша, әркімнің жағдайына байланысты 3-4 ай бізде тұрақтауы мүмкін”, – дейді орталық қызметкері.

 

Талқылау