AAPL
149.24 $
2.54 %
TSLA
761.61 $
5.14 %
NDAQ
148.79 $
1.82 %
GOOGL
2329.46 $
1.77 %
FRHC
43.51 $
2.06 %
AAPL
149.24 $
2.54 %
TSLA
761.61 $
5.14 %
NDAQ
148.79 $
1.82 %
GOOGL
2329.46 $
1.77 %
FRHC
43.51 $
2.06 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Танымайтын жігіт сыртымнан ұнатып, алып қашып кетті": 15 жасында келін атанған алматылық бойжеткен өмірі жайлы айтты

Наргиза Тоқтарбай – 17 жасында екі баланың анасы атанған кәсіп иесі. Полиграфия саласында оқып жүрген оны жасөспірім кезінде танымайтын жігіт алып қашып кеткен екен. Ақырында тағдырын қабылдауды ұйғарған Наргиза бүгінгі таңда бүтіндей бір отбасын бақытты етіп отыр. Ару Stan.kz тілшісіне өзінің бастан кешкендерін айтып, отбасы мен жұмысы жайлы әңгімелеп берді. 

Наргиза бала кезінен өлең жазып, журналист боламын деп армандағанын айтады. Дегенмен арманы орындалмай, 15 жасында ойламаған жерден тұрмысқа шығып кеткен. 

“Өзім Талдықорған қаласында дүниеге келдім. Балалық шағым Райымбек ауданы Нарынқол ауылында өтті. Тұрмыс құрмай тұрып, Алматыдағы полиграфия колледжінде оқып жүрген едім. Өлең жазуды ермек еткендіктен, болашақта кітабымды жазып шығамын деген мақсатта полиграфия саласына оқуға түскенмін. Сол мамандықты оқып жүргеніме бір айдай болғанда мені танымайтын жігіт алып қашып кетті. Ол мені ауылда жүргенде бір рет көрген екен. Сөйтіп 15 жасымда ақ босаға аттадым”, – дейді ару. 

Наргиза алып қашып кеткен соң “қайтадан кетуге болмайды, қайта кеткен қыз жаман, босаға аттағаннан кейін қалу керек” деген сынды сөздерді естіп, тұрмысқа шығуға көнгенін жеткізді. 

“Күйеуім ол кезде 23 жаста еді, менен 8 жас үлкен. Қытайдан оралған қандастардың бірі, қазір Қазақстан азаматтығын алған. Жарым мені алып қашқанда менің 15 жаста екенімді білмепті. Кейіннен естіген. Қазақтың салт-дәстүрінен аттап кете алмай, “қыздың есік көргені дұрыс емес, кейін сөзге қалады, бұйырған бағым осы шығар” деген оймен  сол шаңырақта қалуға бел будым”, – дейді Наргиза. 

Ағам: “Артымнан жылап келсең, қарындасым демеймін” деп айтты

Екі баланың анасы алғашында туыстарының оның тұрмыс құруына қарсы болғанын жасырмады. 

“Мен өзім атам мен әжемнің қолында өскенмін. Бала кезден қазақтың салт-дәстүрін бойыма сіңірдім. Олар “алып қашып кеткен қызға қайта келуге болмайды. Ол дұрыс емес. Барған жеріңе тастай батып, судай сіңесің. Сол үйге бардың ба, сол үйден сүйегің шығады. Күйеуіңнің есіктегі басын төрге, төрдегі басын көрге сүйрейтін де әйел адам” деп айтатын. 

Алайда ағаларым қарсы болды. Әлі жассың, оқы, өмірің алда деп айтты. Ағамның қолында өскендіктен ол кісі менің талай жетістіктерге жеткенімді қалады. Маған үміт артты. Орта жолда үйленіп кетеді деп ойламады. Сол кезде ағамның “соңғы сөзің бе, қарындасым, егер де ертең артымнан “аға, күйеуім өстіді” деп жылап келетін болсаң, онда мен сені қарындасым демеймін, ал кетемін десең, жүр, ешнәрседен қорықпа, әлі жассың, бойыңда талантың бар” деген сөзін естен шығармаймын”, – дейді ол. 

Алайда Наргиза өзіне де, туыстарының атына да кір келмес үшін тұрмыстық өмірін жалғастырамын деп шешіпті. 

Кейін Наргиза кәмелет жасына толмағандықтан, оның да, туыстарының да келісіміне қарамастан, күйеуі шартты жазаға кесіліпті. 

“Себебі жасым 16-ға жетпей тұрды. Сөйтіп күйеуім 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ бірқатар айыппұлдар салынды. Дегенмен соның бәріне көніп, ештеңеге қарамастан бақытты өмір сүреміз деген ойға келдік. 18 жасқа толғанымша күйеуім мемлекет қарауында болды. Бірақ ол біздің отбасылық өмірімізге әсер еткен жоқ. Осы үш жылдың ішінде екеуміз бірге бірталай жетістікке жеттік. Қанша қиындық болса да, бәріне төзе білдік”, – дейді Наргиза. 

Бұнымен қоса Наргиза әйел адамның міндеті –  қыдыру, жүру, киіну емес, отбасылық өмірді қалыптастыру екенін айтады. 

“Көбі “кетіп қалсаң, көптеген жетістіктерге жетер едің, өмірің алда еді” деген пікірлер білдіріп жатты. Бірақ мен “жетістікке жетемін деген адамға отбасының ешқандай кедергісі жоқ, бастысы, күйеуіңмен ауызбіршілікте болсаң, армандаған мақсаттарыңа бірге жетесің деген” деген ойдамын”, – дейді Наргиза. 

“17 жасымда екі баланың анасы атанып үлгердім”

Наргиза тұрмысқа шыққаннан кейін ата-енесі және күйеуімен ауылда бір ай тұрған. Осы уақыт ішінде отбасылық өмірге еті үйреніп, жарына бауыр басып қалғанын айтты. 

“Үйленгеннен кейін бір шаңырақ астында бір айдай тұрдық. Кейін ата-енем қалаға барып жұмыс жасаңдар деп жеке шығарды. Сол бір айдың ішінде қатты бауыр басып қалдым. Қанша дегенмен бір жастықта жатып, бір шайды бөлісіп ішіп жүрген жарыңа сүйіспеншілігің ашылады екен. Арамызда барлығы өте жақсы болды. Оның үстіне жолдасымның түсінігі мол, мінезі жақсы, жағымсыз әдеттерге әуес емес жігіт болғаны көңіліме жақты. Көп адамдармен араласып жүргеннен кейін бірден жақсы адам екенін білдім”, – дейді ол. 

Қазіргі таңда Наргиза жолдасымен бірге екі баланы мәпелеп отырғанын сөз етті. Үлкенім – қыз, кішісі – ұл деген Наргиза ана бақытын сезінгенде төбесі көкке жеткенін айтты.

“Үлкен қызымды 16 жасымда босандым. Күйеуім серік болып бірге кірді. 17 жасымда екінші баламды дүниеге әкелдім. Ұлымда барлығы жеңіл, ойдағыдай өтті. Жарым тағы да қасымда болды. Екеуміз қандай қиындық болса да, бірге жүреміз. Қазір ата-енеммен бір шаңырақ астында тұрғандықтан, мен жұмысқа кеткенде олар балалармен бірге қалады. Үлкеннің тәрбиесін алған жаман болады деп ойламаймын. Өйткені менде де ата-әжемнің қолында өстім”, – дейді Наргиза. 

“Әкем кішкентай кезімде тастап кеткен”

Наргизаның өз отбасында бес қыз, екі ұл бар. Анасы да ерте тұрмысқа шыққан екен. 

“Анам “өзің жақсы болсаң, бәрі жақсы болады. Бастысы, күйеуің мен ата-енеңді сыйла” деп айтатын. Отбасылық өмірімде көп қолдау көрсетті. Ал әкемді бала кезімнен бері мүлде көрген жоқпын. Мен қырқымнан шықпай тұрған кезімде анам екеуі екі жаққа кеткен. Негізі әкемді көру – арманым. Қазіргі таңда Талдықорған қаласында екенін білемін. Іздеп бардым да, бірақ ол кісі кездесуге қарсы болды. Әкемнің мейірімін көрмей өскендіктен, қиналдым деп айта алмаймын. Атам мен апамның қолында мен ғана емес, үш бірдей ағам болды. Өзіме ең жақын ағам әскери қызметте істейді. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, өмірде қателескен жерлерім болса, түзеп қолдау көрсетіп келе жатыр. Қазір ойлап қарасам, санамда сол кісінің айтқан сөздері қалған екен”, – дейді Наргиза Тоқтарбай. 

“Енем маған қызындай қарайды”

“Қытайдан келген қандастарымыз көбіне қазақтың салт-дәстүрін біздің елге қарағанда берік ұстанады. Мен мысалға, бала кезімнен өзімнің жеңгелерімнен орамал тағу, сәлем салу дегенді көрмегенмін. Бірақ күйеуімнің отбасына келгеннен кейін олардың келіндерінің сәлем салып, орамал тағып жүргенін көргендіктен “кімнің арбасына отырсаң, соның әуенін айтасың” дегендей, мен де келіндік өмірімді сол арнаға қарай бұруға шешім қабылдадым. Өйткені келін болғаннан кейін, келіндік міндет атқарылуы тиіс деп ойлаймын. Жалпы, барлығына тез үйреніп кеттім”, – дейді Наргиза. 

Жас келін енесінің үнемі қолдау көрсететінін мақтанышпен айтады.

“Енем маған қызындай қарайды. Тіпті маған ешқашан “келінсің, орамал тақ” деп айтып көрмепті. Бірақ мен бәрібір ата-енемнің алдында сәлемімді салып, ақ жаулығымды басымнан тастамауға тырысамын”, – дейді Наргиза.  

“Күйеуім 18 жасқа толғанда өзіңе жеке кәсіп ашып беремін деді”

Наргизаның күйеуі көлік жөндеумен айналысады. Айтуынша, жарының көлікке деген қызығушылығы бар. 

“Сыртта өзінің көлік жөндейтін орны бар. Ал мен автобөлшектер сатумен айналысамын. Күйеуім 18 жасқа толғанда өзіңе жеке кәсіп ашып беремін деп айтқан еді. Осы 8 наурызға қарсы арманымды орындап, сыйлық жасап, жеке кәсібімді ашып берді”, – дейді Наргиза. 

Сондай-ақ Наргиза отбасында талай қиындық болғанын жасырмады. 

“Қиындықсыз ешқандай отбасы болмайды ғой. Бізде де қиын сәттер болды. Көбінесе 15 жасымда алып қашып кеткендіктен, күйеуімді полиция қызметкерлері шақырып, айыппұл салатын. Қаражаттан қиналып, ал оларға ақша беру керек дегендей. Сол жөнінде көбіне екеуміз келіспей, ұрсысып қалатынбыз. “Мені не үшін алып қаштың” деп шығатынмын. Бірақ ол да, мен де ашық болғандықтан, екеуміз тез ақылға салып, татуласып алатынбыз. Енді қатты жанжалдасып, ажырасуға дейін баратын кездер мүлде болмады”, – дейді ол. 

“Тұрмысқа шыққаныма кей кезде өкінетін сәттер болады” 

Наргиза мектеп қабырғасынан бері өлең жазуға қызыққан. Қиналған сәтін әрқашан ақ параққа шертіп отыратын көрінеді.

“Алып қашпас бұрын мен Нұр-Сұлтан қаласындағы ақындар жарысына қатысып, ойламаған жерден бас жүлде алған болатынмын. Ол жерде Нұрлан Әбенов және Саят Әбенов деген ақындар болды. Ол кісілер көп қолдау көрсетті. Сөйтіп сыйлық ретінде Дубай қаласындағы тегін конференцияға жолдама берді. Бірақ мен тұрмысқа шығып кеткендіктен бара алмадым. Себебі күйеуім жалғыз өзімді жібергісі келмеді. Ары қарай осы өнерімді дамытамын деген ниеттемін”, – деп арманын айтты ару.  

Екі баланың анасы 15 жасында тұрмысқа шыққанына кей кезде өкінетін сәттер болатынын жасырмады. 

“Қыздар өз еркі өзінде, көп қыдырады. Өмір болғаннан кейін бұндай сәттердің болуы заңдылық та шығар. Бірақ тек қана алға деп, ешқандай өкініштің өміріме зиянын тигізуіне жол беруге тырысамын. Қазір күйеуіммен бақыттымын. Бастысы, бір-бірімізді түсінеміз. Бір-бірімізді сыйлаймыз. Бірақ 15 жаста бір қыз тұрмысқа шығамын деп кеңес сұраса, қарсы болар едім. Дегенмен сүйген жігіт болып, екеуі бір-бірін жақсы көріп, отау құрғылары келсе, мүмкін, үйлену орынды шешім шығар. Әркімнің тағдыры әртүрлі. Біреуге жақсы жігіт жолықса, біреуге жолықпауы мүмкін. Бәріне бірдей мұндай бақыт бұйыра бермейді. Жаман қылықтар көрсетіп, қол көтеруге дейін баруы да мүмкін ғой. Сондықтан танымаған адамға тұрмысқа шығу дұрыс емес деп ойлаймын”, – дейді ол.

Сұхбатты дайындаған: Айнұр Мұхади, Нұрсұлтан Нұрманбек
Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр