"Бұрын ішімдік ішкені үшін сотты болған": Алматы-Сочи рейсінен мас жолаушы шығарылды
Жолаушы мас күйінде бортқа шығып, полицияға бағынбағаны үшін рейстен шығарылып, қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, жолаушы Алматыдан Сочиге ұшпақ болған. Ұшаққа отырғызу кезінде ол мас күйінде болған. Авиакомпания қызметкерлеріне әдепсіз сөздер айтып, агрессивті мінез көрсетіп, түсініктемелерге жауап бермеген.
"Тұтқындау кезінде әйел полицияның талабын орындамаған. Әуежайдағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері оның үстінен мас күйінде қоғамдық орынға шыққаны, ұсақ бұзақылық жасағаны және тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбағаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Материал сотқа жіберілді", – деді ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Ұсталған азамат бұған дейін де биыл алкогольдік ішімдік ішкені үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Сот қаулысымен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева ұшаққа мінемін деп полиция бөлімшесінен бір-ақ шықты. Әнші стюардессамен сөзге келіп қалған. Айтуынша, қазақша бір ауыз білмейтін жолсерік оның сөздерін қате түсініп, үстінен арақ ішіп, шу шығарды деп арызданған. Оқиға “Air Astana” компаниясының ұшағында болған.