"Бұл жерге келгім келмейді": Жахан Отарғалиев шетелде қалай емделіп жатқанын айтты
Танымал әзілкеш, актер, продюсер Жахан Отарғалиевтің денсаулығы сыр беріп, Ыстамбұл қаласында ем қабылдап жатыр. Отадан кейінгі жағдайын айтып, оқырмандарын алаңдамауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесінің еміне шипа табылмай жатқан көрінеді.
“Жақсы адам болу – қиын заман болып кетті ғой. Бірақ кім не десе о десін, мен жақсылық жасауды, ойлауды, кемі жақсылық қалауды тоқтатпаймын. Ауырып қаламын деп ешкім ойламайды. Мен де ойламағанмын. Бірақ 4-5 ай бойы ауруханадан шықпадым. Аурудың да түрі бар. Енді осы жерге қайта келгім келмейді. Шын жанашыр достарым, денсаулықтарыңды күтіңдер”, – деп жазды әзілкеш.
Сондай-ақ, актерге Стамбұл қаласында тұрып жатқан белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның жолдасы Нұржан Иманәлиев көңілін сұрап барған.
“Алла разы болсын, Нұржан аға! “Әр қазағым – жалғызым” дегенді расымен далада жүргенде сезінеді екенсің. Келіп жағдай сұрасып, біраз көңілім көтеріліп қалды”, – деп қуанғанын жасырмады актер.
Сонымен қатар актер сырқатынан айықса, Меккеге баруы жоспарлап отырғанын айтты.
Еске салайық, актер еміне шипаны Қазақстан мен Қытайдың дәрігерлері таба алмай жатқанын айтқан болатын.