"Бұл екіұшты мәселе": Спорт министрі шахмат федерациясындағы дауға қатысты пікір білдірді
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев журналист Нартай Аралбайұлына сұхбат беріп, шахмат федерациясында болған дауға қатысты пікір білдірді. Министрдің сөзінше, шахматшылардың алғашқы кездесуінде ол болмаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін Бибісара Асаубаева федерация басшылығын шахматшыларды мемлекеттен 3 миллиард теңге алу үшін пайдаланбақ болды деп айыптаған болатын.
"Мен Бибісара айтып отырған бұл кездесуде болмадым. Сондықтан осындай әңгіме болды немесе болмады деп айта алмаймын. Бұл – екіұшты мәселе. Бірі болды дейді, екіншісі болмады дейді. Сондықтан бұл мәселені сол жерге қатысқан адамдардан сұрау керек деп ойлаймын", – деді ол сұхбат барысында.
Дәурен Абаев президентпен кездесуде ақша сұрау мәселесі талқыланбағанын мәлімдеді.
"Кейін сұрастырып көргенде де бірі осы әңгіме болды десе, екіншісі болмады дейді. Бірақ президентке барғанда, мен кездесуге қатыстым. Ол жерде осынша ақша беру керек деген мәселені талқылаған жоқпыз. Бағдарламаны талқыладық. Ал бағдарлама талқыланған соң қаржы жағы да қарастырылуы керек. Алайда нақты сома белгісіз. Өйткені бағдарлама әлі дайындалып жатыр", – деп қосты министр.