Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Бұл қосымшаны дереу өшіріп тастаңыз": Apple компаниясы iPhone қолданушыларына ескерту жасады

Фото: unsplash.com

Apple компаниясы пайдаланушылардың цифрлық қауіпсіздігіне төнген үлкен қауіпке байланысты бәсекелестерінің бірінің қосымшасын дереу өшіруге кеңес берді. Бұл  туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Apple компаниясы бүкіл әлемдегі екі миллиардқа жуық iPhone қолданушысының назарын цифрлық қауіпсіздік мәселесіне аударды. Компания YouTube желісінде жарияланған жаңа видеосында Google-дың Chrome браузерін тұспалдап сынға алды.

Мұндай сынға Google компаниясының бұрын берген уәдесінен бас тартып, Chrome браузерінен үшінші тараптың cookie-файлдарын өшірмейтінін мәлімдегені себеп болған. Бұл файлдар пайдаланушылардың интернеттегі әрекеттерін бақылауға мүмкіндік береді және жекелендірілген жарнамалар көрсету үшін қолданылады. Ал бұл Google-ға миллиардтаған табыс әкеледі.

Бұған дейін Google компаниясы cookie-файлдарын жаңа жүйемен ауыстырып, Chrome қолданушыларына бақылау функциясын оңай өшіруге мүмкіндік беруге уәде берген еді. Алайда кейін бұл уәдесінде тұрудан бас тартты. Cookie-файлдар зиянды деп саналмағанымен, осы файлдар арқылы жеке деректер, соның ішінде банк ақпараты да сыртқа тарап кетуі ықтимал.

Бұл Chrome қолдануды жалғастырып жүрген iPhone иелерінің барлық әрекеттері бақылануы мүмкін дегенді білдіреді.

Осы жағдайға байланысты Apple өз браузері Safari-ді желіде қауіпсіз әрі пайдаланушы қауіпсіздігін басты орынға қоятын сенімді құрал ретінде таныстырды.

Қазір Chrome қолданушылар туралы ауқымды деректерді жинауды жалғастырып жатыр. Компания сіз ғаламторда не іздегеніңізді, қандай сайттарға кіргеніңізді, сол сайттарда қанша уақыт болғаныңызды және не сатып алғаныңызды бақылайды. Осы ақпарат негізінде пайдаланушының жасы, қызығушылықтары және тіпті қолданатын банктері қамтылған цифрлық бейнесі жасалады.

Бұл деректер жарнама агенттіктері мен сараптамалық компанияларға беріледі немесе сатылады. Google компаниясының мәліметіне сәйкес, осы жүйе арқылы 2024 жылы жарнамадан түскен табыс 265 миллиард долларды құраған.

22 сәуірде Google вице-президенті Энтони Чавес компанияның cookie-файлдарын өшіру жоспарынан бас тартатынын мәлімдеді.
 

Дана Русланқызы
Жұма, 25 Сәуір, 2025 21:21
Талқылау