Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл елде бізге құжат бермейді, жұмыс пен оқуға алмайды": Пәкістандағы қандастар Қазақстан үкіметінен көмек сұрайды

Пәкістандағы қандастарымыз атажұртқа орала алмай отырғандарын айтып көмек сұрайды. Туған жерден жырақта жүрсек те, шыққан тегімізді ұмытпадық деген олар шетелде өлместің күйін кешіп жүргенін айтады. Stan.kz тілшісі 40 отбасының аманатын арқалаған, Пәкістандағы Карачи қаласының тұрғыны – Хамит Қазақ есімді қандасымызбен сұхбат жасап, олардың арыз-тілегін тыңдады. 

 Амансыздар ма? Пәкістанға қалай және қашан қоныс аудардыңыздар? Сол туралы айтып берсеңіз.  

– Армысыздар, бауырларым! Біздің атажұртымыздан көшкенімізге екі ғасырдай болған екен. Қазақстанда құрғақшылық басталған кезде, ата-бабаларымыз алдымен   Ауғанстанға көшіп келген. Ауғанстанға Совет үкіметінің әскері кірген соң, 1984 жылдары Пәкістанға қоныс теуіпті. Кейбір ағайындарымыз сол кездері Түркия еліне кеткен. Біз көштен айырылып қалыппыз. Қазіргі Карачиде тұрып жатқанымызға 40 жылдай уақыт болды. Менен кейінгі іні-бауырларым Пәкістанда дүние есігін ашты. Бұл жақта 40 шақты қазақ отбасы бар. 2012 жылдары тек 25 отбасы едік. Аллаға шүкір, одан бері көбейдік. Аталарымыз Қазақстанның Қарағанды өңірінен екен. Павлодар мен Ақмола сынды өңірлерден бөлініп-бөлініп келген. Өзімізді бала кезімізден "қазақ" деп білдік. Алайда қазіргі балаларымыз өздерін жақсы танымайды. Ана тілдерінде сөйлей алмайды.

– Пәкістандағы қандастарымыздың жай-күйі қалай? Елдің басқа өңірлеріндегі  қандастармен араласып тұрасыздар ма?

– Әрине! Бұл жақтағы қазақтар бір-бірімізбен жақсы араласамыз. Кейбіреулері өздерінің "қазақтар" екендерін ұмытып та кеткен. Біздегі қазақтар қаңлы, қоңырат т.б. рулардан құралған. Өзім 2009 жылы Қазақстанда болдым. Жамбыл мен Түркістан облыстарында таныстарымыз бар. Атажұртымызға жақсы қонақ болып қайттық. Біздің қазақ тілінде сіздер секілді еркін сөйлей алмаймыз. Ана тілін білмейтіндері де бар ғой. Бұл жақтағы қазақтар көбінесе фабрикалар мен тамақтанатын орындарда жұмыс істейді. Кейбіреулері базарларда азық-түлік сатады. Ертелі-кеш арзан қолды жұмыс сұраймыз. Қайтеміз енді, күнімізді көру керекпіз ғой. Қазақтарға жақсы орындардан жұмыстар берілмейді. Өйткені біз білім алмағанбыз. Құжаттарымыздың болмауына байланысты мектепті де оқи алмадық. Біздегі отбасылардың жағдайлары әртүрлі. Бір үйдің жұмысы болса, енді кейбіреулерінде жұмыс та жоқ. Қазақ отбасыларының он шақты бала-шағалары бар, олар мектептерде оқыған емес. Тіпті, қарт кісілеріміз аты-жөндерін де жаза алмайды. Жұмыс іздеп барсақ құжаттарымызды талап етеді. Ауғанстанның құжаты бар десек, тек пәкістандықтарға ғана жұмыс береміз деп шығарып салады. Ағам Ауғанстанда жүргенде 18 жылдай оқыды. Программист мамандығын бітірген. Жақсы жерден білім алса да, құжаттары болмағаннан кейін жұмысқа кіре алмады. Арамызда оқыған азаматтар жетерлік.



Жергілікті пуштундармен емес, өзбек ағайындармен қыз алысып, қыз берісіп құдаласатын кездеріміз де болады. Бір ағайынымыз өзбекке қызын берген. Қызымызды өзімен бірге Өзбекстанға алып кетті. Біздің де бар арманымыз – атажұртымызға оралу. Карачиде ауған, тәжік, пуштун, хазарлар мен өзбектер көп тұрады. Пәкістан Ислам республикасы болған соң, мұнда көбіне еркектер ғана жұмыс істейді. Ел астанасы Исламабад пен Карачидің арасы 1200 км. Жеке көлікпен 20 сағаттық жол. Жолдағы арнайы бекеттер де жиі тексереді.

Пәкістандағы Қазақстан елшілігінен көмек сұрадыңыздар ма?

– Қазақстан елшілігіне өтініш жазып, Пәкістандағы этникалық қазақтардың тізімін дайындап бердік. Елшіліктің ішіне кіргізбей, тек сыртынан ғана қабылдап шығарып салды. Бізге Нұр-Сұлтаннан хабар күтіңіздер, оларға сіздердің өтініштеріңізді жібердік дейді. Жасыратыны жоқ, 5-6 жылдай болды, ешқандай келмеді. Бүгін-ертең деумен уақытымыз зымырап жатыр. Ауғанстанда да қырғын басталып кетті ғой. Пәкістанда ондай болмаса да, әлеуметтік жағдайымыз қиын. Бұл жерде тұрақты жұмыс жоқ. Жарық пен суға бәріне ақша керек. Ал оны төлеу үшін жұмыс керек. Ауғанстаннан көшіп келгендегі құжаттарымыз ғана бар. Пәкістан елі ешқандай да құжат бермеді. 2012 жылдан бері құжатсыз жүрміз. Бізді "қазақтар" деп емес, "ауғандар" деп қабылдаған. Сондықтан бізді тұрақты түрде жұмысқа алмайды. Базарларда қара жұмыс істеп, айына елу мың теңгедей тапсақ таптық, таппасақ олда жоқ. Қазақстан елшілігіне 285 қандасымыздың тізімін тапсырдым. Елші мырза "алдық" деп қағазға қолын қойып берді. Қазан айының 15 күні Карачиге келемін деген. Қандастардың барлығы жинап, елшіні қонақ қылып күттік. Қара жорғамызды билеп, атажұртымызды бір еске алумен өзіміз марқайып қалдық. Құжаттары бардың құжатын, құжаты жоқтардың суретін аламыз деген. Солай айтқан елшіміз елге қайтып кетіпті. Қайтадан жаңа елші келді деп хабарласқан. Пәкістан қазақтарының барлық уәждерін жеткіздім. Елшілік қазақ екенімізді дәлелдеу үшін ДНҚ-тестін тапсыру керектігін айтты. Ауруханаларға қанымызды тапсырып көрмекші болдық. Құжаттарымыздың болмағаны үшін бұл тестті де тапсыра алмайды екенбіз. Барлығын дәлелдесеңіздер, алып кетеміз дейді. Елшілік Нұр-Сұлтаннан хабар күтіп отыр. Бүгінде елшілікке хабарласып сұрастырсам, әлі жауап келмепті. Мен ол кісілермен әлеуметтік желімен де байланысып тұрамын. Кейде елші жауап бермей де қалады. Кейде жұмыстарының қарбаласып кеткендігін айтады. Атажұртымызға оралғымыз келеді. Қазақ билігінен бар сұрайтынымыз осы. Иран мен Ауғанстандағы қазақтар атамекенге оралып жатыр ғой. Бізге біраз жыл болды, нақты жауаптарын біле алмай жүрміз. "Біз ана жер, мына жерге барамыз" деп ешқандай таңдау жасамаймыз. Қазақстанның қай жеріне барсақ та, топырағымыз бір ғой. 

– Көрші Ауғанстандағы жағдайлар Пәкістанға әсер етіп жатыр ма?

– Ауғанстандағы жағдайдың Пәкістанға әсері бар. Қазіргі кезде ауыз судан да проблемалар болып жатыр. Базардан 30 литр суды Қазақстанның ақшасымен 80 теңгеге сатып аламыз. Айта берсек, осындай мәселелеріміз өте көп. Бірақ Ауғанстанда жақын туыстарымыз қалған жоқ. Тәліптер мен Исламабадтағы басшылар өзара дос. Өйткені Пәкістан мен тәліптердің басшылары – пуштундар. 

– Пәкістан билігі сіздерге қазақ елшілігімен кездесуге қандай да бір кедергілер жасап жатқан жоқ па?

– Биліктен ешқандай да қысым жоқ. Тек құжаттарымыздың болмауынан осындай мәселелер жолымызға кедергі болып шыға береді. Үлкен қарияларымызға қиын. Ауырып қалсақ та, ауруханаларда емделе алмаймыз. 

Алла жазса, сіздерден жақсы хабар күтеміз. Амандықта болыңыздар! Сіздерге үлкен алғысымызды білдіреміз! 

– Аман-есен атажұртқа оралуларыңызға тілекшіміз. Бізде қазақ елшілігінен жағымды жаңалықтар болады деп үміттенеміз! Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Қадірәлі Сарыпбек

Талқылау