"Жабайылық": ШҚО-да шаруа қожалық қызметкерлері маралдың мүйізін кесіп, қанын ішкен
Әлеуметтік желіде ШҚО-да шаруа қожалықтарының бірінің жұмысшылары маралдың мүйізін кесіп, қанын адамдарға беріп жатқан бейнежазба тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бейнежазбада маралдың мүйізін кесу сәті түсірілген. Жануар арнайы құрылғыға мықтап байланады. Мүйіздерді кескеннен кейін, адамдар аққан қанды ыдыстарға толтырып, ішеді.
"Бұл адамдар тірі маралдың мүйізін кесіп тастады. Олардан қан ағып жатыр. Олар қанды бір реттік стакандарға құйып алып, оны адамдарға береді, адамдар бұл қанды ауруға дауа деп ойлайды. Бұл - жабайылық. Бұл - жауыздық. Бұл адамгершілікке жат. Бұл қылмыс", – делінген бейнежазбаның сипаттамасында.
Осы факті бойынша полиция қызметкерлері бейнежазба түсірілген шаруа қожалығында жануарларды, яғни маралдарды ұстауға және өнімдерін сатуға рұқсаттары бар-жоғын тексерді. Тексеріс нәтижесінде ешқандай заң бұзушылық анықталған жоқ.
"Катонқарағай ауданының ветеринария бөлімінің өндірістік нысанға берген есеп нөміріне сәйкес, шаруашылықтың жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты қайта өңдеу бойынша қызметті жүзеге асыруға рұқсаты бар. Олардың әрекетінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ", – деп хабарлады ШҚО ДП баспасөз қызметі.
“2 миллиард теңгеге жуық“: Қазақстан өңірлері 2026 жылды қарсы алуға қанша қаражат жұмсайды?