"Бүгінгі қоғам көңілдесті кешірсе де, адал некелі жарды кешіре алмайды екен": Журналист Бекболат Тілеуханды жақтады
Қазақстандық журналист Мұрат Есжан басы дауға қалған Бекболат Тілеуханды жақтады. Оның жақсылығы мен шынайылығын айтты.
Бекболат Тілеухан – өте шынайы адам. “Саясат-саясат дегендерің – менің сасық қулығым ғой” деп Қалтай атамыз айтпақшы, сасық қулық ол кісінің табиғатына жат. Әйтпесе осы Қазақстанда Құнанбайдың жолын жалғаған шенеунік, бай-бағлан, әнші-әртістер аз емес қой. Солар сияқты жасырып-жауып, көрмедім, білмедім деп жүре берсе, басындағы дау бір мысқал азаяр ма еді... Бүгінгі қоғам ашыналық-көңілдестікті кешірсе де, адал некелі, жариялы (некенің бір шарты жариялау емес пе?) екі әйел алғанды кешіре алмайды екен. Оған Қанайұлының қулығы жетпесе, қайтеді енді?
Намаз оқитын бір шенеунік кабинетіне графинмен коньяк қойып қойыпты дейді. Арасында тартып жіберетін көрінеді. Мынауың не десе, “бұл жай шай ғой, дінге жақын екенімді жұрт білмей-ақ қойсын, пәлесінен аулақ деп осындай қулық жасаймын” деп айтады дейді. Бекболат аға коньяк түсті шай ішпесе де, діндарлығын бүгіңкіреп жүргеннен залал шекпес еді. Дін туралы заңның кезінде намаз оқитын, жаулық тартатын қанша іні-қарындастың құқығы деп мыңмен жалғыз алысқаны (он жыл өтсе де) есімізде.
Айтуынша, депутат өзінің арам пиғылсыз шынайылығы үшін үнемі түсінбестік дауға қалады деп ақтады. Кей шенеуніктер секілді ұпай жинамай, шынайылық танытады деп жазды.
- Бекболат Тілеухан Арон Атабекті "елбұзар" деп айыптады
- "Мен оларды сүйемін": Бекболат Тілеухан үш әйелінің қызғанышы жайлы айтты
“Біраз адамның пост-назарбаев дәуіріне дайындала бастағанына аз уақыт болған жоқ. Бір күн болмаса бір күні ол заманның келері анық еді. Бекеңнің қулығы оған да жетпеді. “Билік” және “халық” деп бөліп алған шекараның халық дейтін жағына шығып, талай ұпай жиып алатын жерде тағы сол шынайылығы мен принципшілдігіне салып, өз ойында қалды. “Нұраға” деп қарсы алдында ақтарылып, былай шыға, жұрт жоқ жерде жамандап отыратындардың қатарында болмады.
Тілеуханның бір қателігі болса, сол “құда да тыныш, құдағи да тыныш”, “арбаны да сындырмайын, өгізді де өлтірмейін” деген ұстанымға бармағанында. Жүз адам алай бұрылып тұрса, Бекең жалғыз өзі былай қарай жүре алады. Вакцина, отбасы, оқулық, жыныстық азшылық мәселелері осыған анық мысал бола алады”, – деп жазды.
Мұрат Есжанның айтуынша, Бекболат Тілеухан – қазаққа жаны ашитын, нағыз ұлт үшін қызмет етіп жүрген азамат. Елі үшін еңбек етті деп сөзін қорытындылады.
“Кешелі-бергі түрлі жазбаларды оқып отырып ойға келген тұжырым осы болды. Түнеугүні “Ахмет. Ұлт ұстазы” эфирге шыққан соң Бекболат ағамыз хабарласты. Терең әсер алғанын айтты. “Мен не істеп жүрмін?” деген ойға қалғанын толқыныспен жеткізді. “Байтұрсыновтар ұлт үшін басын бәйгеге тікті. Өлімнен де қорықпады. Бізде кейде өлмек түгіл, басыңа аздаған сөз тиетін болса, содан қорқып, қайраткерлігімізді тоқтатып тастайтын кездер аз болмайды. Олардың тырнағына қайдан татимыз?” деп біраз тебіренді.
Ондаған күйсіз отбасын ай сайын қамқорлығына алып отырған, талай қандасты көшіріп әкеп, қормал болған, талай жетімнің басынан сипаған (жырауларды тірілтіп, рухтарды оятқаны өз алдына) және олардың ешбірін жарнамасыз, риясыз жасап жүрген адам осылай десе, біздің үндемей-ақ қойғанымыз дұрыс шығар. Фильмнің де діттеген жеріне жеткені-дағы. Осы ретте ағаға: “Сіз еліңіз үшін көп нәрсе істедіңіз. Әлі де істей бересіз. Алдағы жұмыстарыңызға береке тілеймін” дегім келеді”, – деп жазды Мұрат Есжан.
Еске сала кетейік, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның қызметін уақытынан бұрын тоқтататыны белгілі болған.
Vesti.kg порталының тілшісі Айнұр Коскина сұхбат алып жатқан уақытта экс-депуттаты өзіне қол көтерді деп айыптаған еді. Оқиғаға полиция түсінік берді.