"Бөлек шығу туралы әңгіме болмайды": Салтанат Бақаева ата-енесімен қарым-қатынасы туралы шындықты жайып салды
“Арнау” тобының солисі, актриса Салтанат Бақаева алғаш рет отбасы туралы шындықты айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “1001 түн” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер иесінің айтуынша көпшілік болмысын енесіне ұқсататын көрінеді.
“Біз ата-енемен тұратын отбасымыз. Өнер адамы болғаннан кейін үй шаруасына үлгермей жатамын. Қазір көмекшім жоқ. Кезінде көмекшім болған. Кейде тамақ пісіруге үлгермегендіктен енем пісіреді, кейде көмекшім істейді. Енем балаларыма қарап, көмектесіп тұрады. Енеме рахмет ретінде сыйлық беремін, әңгімелерін тыңдаймын. Махаббатты міндетті түрде сыйлықпен ғана білдіру міндет емес. Енем де өнерден алыс емес. Ән айтады, қолөнерді жақсы көреді. Өзімді енеме ұқсатамын, мұны көпшілік те жиі айтады. Бізде де қиын кезең болды. Одан да өттік, шүкір. Бір-бірімізге сыйластығымыз арта береді", – деді актриса.
Сонымен қатар әнші бөлек шығу туралы ойын да ашық айтты.
"Біздің әулетте бөлек тұру деген әңгіме қозғалмайды. Өйткені жолдасым жалғыз ұл әрі үйдің кенжесі. Үй алып, жөндеу жұмыстары кезінде бөлек тұрып көрдік. Бірақ маған қиын болды. Себебі гастролдік сапарым көп. Балаларды қараусыз қалдыра алмайсың. Ата-енем болғанда алаңсыз кете беруші едім. Сондай сәтте кемшін тұстар білініп қалады. Жолдасым – кәсіпкер, оның тіпті қолы тимейді. Сондықтан, ата-енемен бірге тұруды қолдайтын келіндердің бірімін” – деп шынын жасырмады әнші.
Еске салайық, әнші қыз ұзату тойына шығатын гонорарын айтқан еді.