Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Болашақ" бағдарламасы талаптарына сай келмейтін үміткерлерге 7,7 миллиард теңге шәкіртақы тағайындалған

Болашақ шәкіртақы
Фото: Pexels.com

Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Тілеген Каскин Қазақстанда "Болашақ" бағдарламасы аясында талапқа сәйкес келмейтін үміткерлерге шәкіртақы тағайындалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тілеген Каскиннің айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанда жоғары білім беру жүйесіне жұмсалатын шығын 246 миллиард теңгеден 472 миллиард теңгеге дейін өскен.

"Студенттер саны 625 мыңға жетсе, мемлекеттік білім беру гранттарының көлемі 77 мыңнан асты. Мемлекеттік аудит көрсеткендей, қаржыландыру екі есе артқанымен, жоғары білім беру жүйесі сапа, ашықтық және тиімділік жағынан сәйкес өсімді қамтамасыз ете алмай отыр. Бұған бірқатар жүйелік мәселелер себеп", – деді палата мүшесі.

Оның сөзінше, "Болашақ" бағдарламасын әкімшілендіруде де мәселелер жетерлік.

"Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімімен жалпы іріктеу талаптарына сәйкес келмесе де, 340 үміткерге 7,7 миллиард теңге көлемінде шәкіртақы жеке тәртіппен тағайындалған. Сондай-ақ 151 стипендия бекітілген лимиттен артық берілген", – дейді Тілеген Каскин.

Сонымен қатар ол жасанды интеллект бағыты бойынша да кемшіліктер барын атап өтті. Жоспарланған 54 стипендияның тек 5-і ғана нақты тағайындалып, қалған 49-ы басқа бағыттарға қайта бөлінген.

 

Университеттер көлік сатып алған

2024-2025 оқу жылында жатақханада 10 мыңнан астам студентке орын жетпей қалды. Ал министрлік пен оператор деректерінің арасындағы айырмашылық 31 мыңнан асты.

“Студенттерді жатақханамен қамту деңгейі бұрынғы 70% межеден төмен: Еуразия ұлттық университетінде – 51,7%, Қазақ ұлттық университетінде – 56,7%. Сонымен қатар ҚазҰУ мен ЕҰУ-де әкімшілік қажеттіліктер үшін автокөлік сатып алуға 133 миллион теңгеден астам қаражат жұмсаған", – деп хабарлады Жоғары аудиторлық палата мүшесі.

Бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек "біреулердің балалары мен туыстары" "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелде оқып, оларға шамамен 10 миллиард теңге кетуі мүмкін екенін мәлімдеген еді. 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 27 Сәуір, 2026 12:41