Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасындағы жанжал: Ангелина Лукас Тоқаевқа ашық хат жазды
Бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ангелина Лукас өзінің Instagram парақшасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Лукастың желідегі парақшасына сілтеме жасап.
"Сізден еліміздің әйелдер құрамасындағы орын алып жатқан қазіргі жағдайды шешіп беруіңізді өтінемін. Мен бокстан Қазақстан Республикасының 2013, 2014, 2015 жылдардағы чемпионымын (жастар арасында). 2016 жылы Қазақстан Республикасының әйелдер арасындағы ересектер құрамасына ауыстым. Ересектер боксына ауысқан сәттен бастап Қызайбай мен оның жақтастарының қысымына ұшырап келемін. Таяқтың бір ұшы менің жеке бапкеріме де тиіп кетіп жатады, олар әртүрлі амалдармен оның беделін түсіргісі келеді. Бірнеше рет менің жаттықтырушым қауіпті ойындардың құрбаны бола жаздады, сонымен қатар оған зиян келтіру әрекеттері болды", – деп жазды қазақстандық спортшы қыз.
Сондай-ақ, Лукастың айтуынша, Қазақстан бокс федерациясының директоры Маратбек Мықтыбеков Мәдениет және спорт министрі Ақтота Райымқұлованың бұйрығымен, Ангелинаны жанжалды жағдайларға байланысты ұлттық құрамадан шеттеткен. Бұған қоса басшылар Лукасқа бұл бұйрықпен танысуға мүмкіндік бермеген.
Ангелинаның айтуынша, оны құрамадан шеттетіп, алайда мұның не үшін және қанша уақытқа созылатынын айтпаған.
Назым Қызайбайдың Олимпиадаға барар жолы неге бөгелді? Спортшы қазақ боксындағы талас жөнінде айтты
"Жоғарыда аталған адамдар (Артаев пен Мықтыбеков) кездесуді ұжымда ортақ тәртіп жоқ деген сөздермен бастаған. Мықтыбеков шынымен де тәртіп жоқ па деп сұрап, ал Қызайбай ешкімнің рұқсатынсыз өз бетімен жиналыс өткізіп, онда ол боксшы қыздарға ғана емес жаттықтырушылар штабына да нұсқаулар беретіні рас па деп сұрады. Өкінішке қарай, құраманың басым көпшілігі Назым Қызайбайдың жағында болып, жиналыс барында соның сөзін сөйлеген. Мен басшылыққа ұлттық команда мүшелерінің жаттығу базасынан шығу кезінде алкоголь ішіп, темекі шегіп бара жатқанын көруге болатын видео материал жолдадым. Мүмкін менің мұнымен айналыспауым барлық жағдайға себеп болған шығар?", – деп Лукас өз жазбасында төте сұрақтар қояды.
Еске салайық, 2021 жылдың наурызында Назым Қызайбай оның ұлттық құраманың бірінші нөмірі ретіндегі рөлі Федерацияның кейбір мүшелеріне жақпайтынын айтқан. Кейін әйелдер командасының бас жаттықтырушысы Ерік Алғабек шиеленісті жағдайға түсініктеме беріп, ұлттық құрамада бәсекелестік күшейіп келе жатқанын, ал жаттықтырушылар штабы өз кезегінде әр спортшыны қолдайтынын айтқан. Назым мен Лукас екеуі де бір салмақ дәрежесінде – 51 келіге дейін бақ сынайтынын айта кетейік.