Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назым Қызайбайдың Олимпиадаға барар жолы неге бөгелді? Спортшы қазақ боксындағы талас жөнінде айтты

Екі дүркін әлем чемпионы бокстан Олимпиададағы ҚР құрамасының нәтижелері туралы өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Экпресс-К” басылымына сілтеме жасап.

“Қазақстанда алтын жүлде болмағаны өкінішті. Бұл еліміздің Олимпиада тарихында бірінші рет болды. Қалай болғанда да, енді ешнәрсені өзгерте алмаймыз. Сондықтан алдағы Олимпиада туралы ойлану керек”, — деп атап өтті ол.

Назым Қызайбай Парижде өтетін келесі Олимпиадада медаль үшін таласуға ниетті.

“Денсаулығым жараса келесі Олимпиадаға дайындаламын. Алдағы үш жылда не болатыны белгісіз. Бірақ мен дайындаламын. Менің мақсатым – Алтын жүлде”, — деп атап өтті ол.

Қазақстандықтар екі дүркін әлем чемпионы және он дүркін ел чемпионы Токиодағы Олимпиадаға не үшін бармағанын түсінбей әлек.

“Жыл сайын Қазақстан чемпионаты өтеді, 51 келіге дейінгі олимпиадалық салмақта жеңіп келемін, бірақ іріктеуге елдегі үшінші нөмірлі қызды жіберді. Не айта аламын? Ештеңе. Ол қыз ұтылды”, – дейді Назым Қызайбай.

Спортшы осы шешімді қабылдаған адам елді Олимпиаданың алтын жүлдесінен айырды деп санайды.

“Енді біздің бапкерлерге сұрақ. Мен ол қызды жеңдім. Сіздер неге оны жібердіңіздер? Мен Азия елдерінің алғашқы іріктеуінде лицензия ұтып алуым мүмкін еді, өйткені көп қатысушыларды жеңгенмін”, – деп сұрайды чемпион.

“Біз Қазақстан чемпионатын жеңіп жатырмыз, турнир ең бастысы болуы керек. Азия чемпионатына да, әлем чемпионатына да жақсы психологиялық жағдайда бару керек. Ал біз кім баратынын білмейміз. Егер сыртта шешілсе, ел біріншілігін өткізудің қажеті не?”, – деп Назым Қызайбай таңырқайды.

Тек Назым Қызайбай үшін ғана емес, басқа да ел чемпиондары үшін моральдық тұрғыдан өте қиын. Әртүрлі облыстардың федерациялары арасындағы бәсекелестік мәселесі тағы бар.

“Қазір қазақстандық бокста өңірлер бойынша бөліну өте көп. Біреу Алматының, біреу Ақтөбенің атынан шығады. Біздің жаттықтырушылар бір сәтте елдің пайдасын емес, боксшының қай аймақтан екеніне назар аудара бастайды”, — дейді ол.

Назым Қызайбай бәріне төменгі лауазымды адамдар кінәлі екеніне сенімді.

“Федерация басшылары спортшыларға барлық жағдай жасайды. Олардың болып жатқан жағдайларға еш қатысы жоқ. Бірақ төменгі жақта адамдар бар. Бәрін солар жасап отыр.

Соңғы Азия чемпионатынан кейін ұлттық құраманың мемлекеттік жаттықтырушысы болып Бақтияр Артаев тағайындалды. Ол өзі боксшы. Ол осы жолдан өтті. Сондықтан оң өзгерістерге үміттенемін”, – дейді спортшы.

“Мені отбасым әрдайым қолдайды – менің жеке жанкүйерлерім. Мен оларға ризамын. Олар маған күресуге күш береді. Мен оларды қуанту үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын”, — дейді ол.

Талқылау