Блогер қызын ауыр дертке шалдыққандай көрсету үшін әдейі улап, оқырмандарынан ақша жинаған
Танымал аустралиялық блогер Аллана Харрис қызы Дейзидің оқырмандарын көбейтіп, ақша жинау үшін оны есірткі тектес дәрілермен улаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ABC.net сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: ABC.net
Харрис желіде қаралымын арттырып, оқырмандар ақша аударсын деп 1,5 жасар қызына үш ай улы дәрі берген. Блогер оқырмандарына қызының емделмейтін диагнозбен күресіп жатқанын көрсетті. Осылайша аудиториясынан 40 мың доллардан астам (шамамен 21 миллион теңге) жинап үлгерді.
Харрис адам өлтіруге оқталу, дене жарақатын келтіру, балаларды қанау және алаяқтық сияқты айыптармен қамауға алынды.
Қарашаның соңында күйеуі Брок Аллана Харристің баланы қолдан ауру етіп жатқанын хабарлады. Айтуынша, ол алғашында әйелінің әрекеті туралы білмеген және қызын расымен науқас деп ойлаған.
Десе де ер адам да қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген, сол себепті барлық бала отбасынан алынды.
Тергеу блогердің қызы емделіп жатқан аурухана қызметкерлерінің күдігінен соң басталған. Олар полициядан тергеу жүргізуді сұрап хабарласқан. Денсаулық сақтау басқармасы мен қорғаншылық қызметі де бұл істі тергеп жатқанын, баланың жағдайы жақсарғанын мәлімдеді.