БҚО-да есепші 7 млн бюджет қаржысын құмар ойынға салып жіберген
Батыс Қазақстан облысында есепші 7 млн теңге бюджет қаражатын құмар ойынға жұмсап жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға Қаратөбе ауданында болды.
Қаратөбе ауданы прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлімі 1-тармағына (ірі мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сәйкес материалды тіркеп, БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолдады.
"Қаратөбе ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі "Жастар ресурстық орталығы" КММ есепшісінің құмар ойынмен айналысқаны анықталды. Есепші басшының рұқсатынсыз және бұйрығынсыз оның ЭЦҚ-сын пайдалана отырып, 7 млн теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқырған. Есепші жауабында өзінің және жұбайының атына ашылған жеке кәсіпкерлік субъектісіне бюджет қаржысын бірнеше рет аударып келгенін айтты. Қазір оны экономикалық тергеп-тексеру департаменті күдікті ретінде таныды. Кінәсі дәлелденген жағдайда оған 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін", – деп хабарлады ведомстводан.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында перзентхананың бас дәрігері мен есепшісі пара алу және мемлекет мүлкін жымқыру бабы бойынша сотталғаны туралы жазған едік.

"Алдағы 10 жылда мұнай қоры таусылады": Сарапшылар "қара алтынсыз" Қазақстанның болашағы қандай боларын болжады
