Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алматының жаңа әкімі әйел адам болу қажет": Досаевқа қарсы халықтың шеруі қалай өтті

Бүгін, 5 ақпан күні, Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңға жүзден астам адам жиналып, жаңа сайланған әкім Ерболат Досаевтың кетуін талап етті. Сондай-ақ шерушілердің басты мәселесі – "Алматы қаласы тұрғындарының өз әкімін сайлауға құқығы бар". Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

досаев митинг

Сенбі күні өткен митингтің басы қаңтар оқиғалары кезінде құрбан болған жандарды еске алумен басталды. Марқұмдардың құрметіне бір минут үнсіздік жарияланды.

Митингіде сөйлегендер терең саяси реформаны, барлық деңгейдегі әкімдерді сайлауды, парламентті таратуды да талап етті. Шара кезінде қаңтар оқиғасына қатысты ұсталған туыстарын босату туралы талап айтқандар болды.

"Саяси шешімдерді қабылдағанда үкімет бірінші кезекте олигархтардың мүддесін қорғайды", – деді жиналған халық алдында сөз алған ҚР бұрынғы инвестициялар және даму вице-министрі Рахым Ошақбаев.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов қасіретті қаңтар оқиғалары бойынша тергеуді әділетті жүргізуді талап етті.

"Бізге әділ сайлау қажет. Халыққа елдің мүддесін ойлайтын, жемқорлыққа батпаған әділ әкім қажет", – деп қосты Ағелеуов.

Шара кезінде сөйлегендер ұрланған қаражатты елге қайтарып, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы саласына жұмсау қажеттігін де айтты.

Халық алдына шыққан "Феминита" бастамашыл тобының белсенділері Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан “Алматының жаңа әкімі әйел адам болу қажет!” – деген талап қойды.

“Егер қаланы, сондай-ақ мемлекетті әйел адам басқарғанда мұндай қанды оқиғалар болмайтын еді”, – деді олар.

Митинг өткен Шевченко көшесі екі жағынан жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Халықты полиция сырттан бақылап тұрды. Айналада жедел жәрдем көліктері мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бірнеше қызметкері болды.

 

Талқылау