Біз президенттікке қайта-қайта сайланудан аузымыз күйген елміз – депутат (видео)
Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" фракциясының мүшесі Қазыбек Иса отыз жыл бойы қайта-қайта сайланған президент туралы айтып, президентті жеті жылға және тек бір мерзімге сайлау туралы норманы қолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазыбек Иса
"Осы біз президенттікке қайта-қайта сайланудан аузымыз күйген ел емеспіз бе? Отыз жылда екінші президентке зорға жеткен жоқпыз ба. Өзіміз президентті көре алмай кетеміз бе деп едік, Құдайға шүкір, екінші президентті де көрдік. Осы жаңа норманы қазір енгізсе, бұдан кейін отыз жылдан кейін емес, жеті жылдан кейін үшінші президентті көреміз", – деді Иса парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Оның айтуынша, президент Тоқаев екі мерзімге сайлануға мүмкіндігі болса да, бір мерзім ғана сайлауды өзгермейтіндей етіп, Ата заңға жазып қоюды ұсынып отыр.
Депутат жеті жыл уақыт барлық қолға алған бастаманы жүзеге асыруға жеткілікті мерзім деп санайды. Конституциядағы қазіргі бап бойынша президент екі рет сайлана алады. Енді жаңа Конституциялық өзгерістерге сәйкес, өкілеттікті жеті жыл және бір мерзіммен шектеу көзделіп отыр.
"Бұл жаңа нормаларды биылғы президент сайлауына дейін қабылдаған жөн. Әйтпесе, Конституцияның қазіргі ережелері бойынша биыл президент болып сайланатын адамға жаңа нормалар бойынша жеті жылдық мерзімге қайта сайлануға мүмкіндік беретін заң туындайды", – деді ол.
Айтуынша, егер бұл Конституциялық өзгерістер президент сайлауынан кейін болса, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл бес жылға сайланса, жаңа сайлау заңына байланысты тағы да 7 жылдық президент сайлауына қатысу құқы болады.
Үшінші рет сайлауға түсіп, жеңген жағдайда, Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы 7 жылдық мерзімі 12 жылға созылып, 2029 жылы емес, 2034 жылы аяқталар еді. Ал бұған халықаралық заңдылық бойынша ешқандай күмән жоқ. Осы 5 жыл айырмашылық, артық мерзімді Тоқаев азаматтық ерік-жігермен өз қолымен кесіп, бір мерзімдік президенттікті ұсынып, демократиялық қадамға жол ашып отыр, деді Иса.