Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз оны сақтап қала алмадық": Алматыда қаза тапқан вундеркинд Ақназар Қажымұратты еске алу асы өтті

Бүгін Алматыда қайтыс болған қазақстандық вундеркинд Ақназар Қажымұратты еске алу асы өтті. Жиынға марқұмның туыстарынан бөлек, оның достары, сыныптастары мен мектеп ұжымы қатысты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

акназар ас

4 қараша күні із-түссіз жоғалып 5 қараша күні денесі табылған Ақназарды еске алу жиынына жүзге тарта адам жиналды. Келушілердің арасында марқұмның туыстарынан басқа, бірге оқыған сыныптастары, достары әрі отбасының жақындары болды. 

Алғашқы естелік жайлы Ақназардың әкесі Арман Абдуллаханов айтып берді. Ол өзінің ұлының кішкентайынан білімге құштар болып, әр сәтте бір жаңалықпен бөлісіп таңқалдырып жүретінін айтты.

"Ұлымыз Ақназар кішкентайынан білімге өте құштар әрі зейінді болып өсті. Бірде ұлым бізге Гарри Поттер кітабын испан тілінде оқып беріп қуантқаны бар еді. Мен өзім күреспен айналысқаннан кейін, ұлымды да жастайынан осы спорт түріне баулыдым. Мен осылайша оны әрқашан өзі үшін күресе білуге және мықты болуға дайындағым келді. Бұл оған көптеген олимпиадалық жарыстарда да өз септігін тигізді", - деді әкесі ұлы жайлы.

Әкесі ұлының кішкентайынан жеткен жетістіктерін айта отырып, Ақназардың мықты білімін бірінші Ресей елінде мойындап одан кейін ғана Қазақстанда лайықты орынға қойылғанын қосып өтті.

акназар аке

"Ақназардың білімі уақыт өткен сайын дамып отырғандықтан ол кішкентай оқушы кезінен көптеген олимпиадалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүретін. 2017 жылы ұлым Ресейде білім сайысына қатысып, одан кейін сол жылдың желтоқсан айында Қытайға барып жүлделі орынмен оралды. Ақназар барған жерінде жақсы атқа ие болып, өзінің тегін бала емес екендігінен хабар беріп қайтатын. Біздің елімізде осы уақыттардан кейін ғана ұлым лайықты орнын тауып, аты танылды", - деді ол.



Қаралы жиында сөз алған отбасының жанашыры Айсұлу Қадырбаева Ақназардың өліміне қазақ қоғамының кінәлі екенін айтты.

"Ақназарда жазық жоқ. Барлық кінә мына бізде. Қазақ ұлтында. "Алтынның қолда барда қадірі жоқ" дейді ғой, сол сөздің нағыз айтылар тұсы осы жер. Біз қолымызда тұрған талантты баланың қадіріне жете алмадық, оны сақтап қала алмадық. Елім үшін еңбек етем деген жас дарынға лайықты жағдай жасамадық", - деді Айсұлу Қадырбаева.

Марқұмның әкесі Арман Абдуллаханов ұлының осындай жетістікке аз уақыттың ішінде жетуін бірнәрсеге асыққанының белгісі болғандығын қосып өтті.

"Ол барлығын тез жасайтын еді әлде бізге солай көрінеді ме белгісіз. Оның аз уақыттың ішінде биік шыңдарды бағындырып, мектепте жүргенде-ақ әлемде үздіктердің қатарында екенін дәлелдеп Гарвардқа жолдама алғандығы. Өзі оқушы болып жүріп кітап жазып тастағаны. Бірнеше тіл меңгеріп, бүкіл өзіне қызық ретінде көрінген жаңалықтардың барлығын оқып, тоқығаны. Осының барлығы кейде біржерге асыққанының белгісі сияқты көрінеді", - деп еске алды әкесі.

Жиын соңында сөз алған Ақназардың әжесі немересін әрқашан адал азамат етіп тәрбиелегенін жеткізді. 

"Мен Ақназарымды бала кезінен иманға үйреттім. Адал әрі білімді болып өсуіне жағдай жасадым. Осыдан болар ол өте тәрбиелі болып өсті. Өкінішке орай, баламның өмірі келте болды. Бірақ артында өшпестей еңбегі мен жүріп өткен даңғыл жолы қалды", - деді әжесі.

Сондай-ақ ол немересінің өліміне кінәлі адамдар бар екенін және олар міндетті түрде жазаларын тартады деген үмітін де жасырмады.

акназар ажеси

"Соңғы рет Ақназар маған біреулер кездесуге шақырып жатыр деп кетті және сол кездесуден қайтпады. Кездесуге кім шақырғанын білмей отырмыз. Сол шақырған адам немеремнің өліміне кінәлі деп санаймын. Барлығын жүріп жатқан тергеу анықтап, қылмыскер міндетті түрде жазасын алады деп үміттенемін. Бірақ бұл біздің Ақназарымызды қайтарып бермейді", - деп сөзін түйіндеді кейуана.



Жиынның соңында жиналғандар Ақназардың атына құран бағыштап, қаралы отбасыға жылы сөздерін айтып тарқасты.

Еске салайық, Алматыда 5 қараша күні Назарбаев Зияткерлік мектебінің үздік түлегі Ақназар Қажымұраттың мәйіті табылған болатын. Бұдан алдын 3 қарашада оның туыстары із-түссіз жоғалып кеткенін айтып, іздеу салған болатын. Сол күні кешкі уақытта әжесімен телефон арқылы сөйлескен ол одан кейін байланысқа шықпаған.

Криминалдық полиция қызметкерлері жас жігіттің денесін Бостандық ауданынан тапқан. Қазіргі кезде Ақназардың өліміне себеп болған жайттар анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Айта кетейік, 2018 жылы Ақназар Қажымұраттың есімі әлемнің жас дарындары арасында кеңінен танылды. Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі ACT және SAT Subject Tests халықаралық емтихандарынан сүрінбей өтіп, ең жоғары көрсеткішке — 36-дан 36 және 2400-ден 2400 алған. 

Соның арқасында Американың кез келген үздік жоғары оқу орнын таңдауға мүмкіндік алған. Ол Гарвард университетінің грант иегері еді.

Талқылау