Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаевтың туысы Байжанов көмек сұрап қоңырау шалған дәрігер сотта куәгер болды

Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сотқа Байжанов Салтанаттың жағдайын көрсін деп қоңырау шалған таныс дәрігері куәгер болды. Ерсұлтан Сәрсенбаев көмекке келе алмапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тікелей эфирден скриншот

18 сәуірдегі сот отырысында қылмысты жасырып, әрекетсіздік жасады деп айыпталған Бақытжан Байжановтың куәгері келді. Айтуынша, қайғылы оқиға болған күні Бақытжан көмек сұрап, Ерсұлтанға хабарласқан.

Ерсұлтан Сәрсенбаев “Материнство детства” орталығында дәрігер болып жұмыс істейді. 2023 жылы қазанда қосымша табыс табу үшін BAU мейрамханасының бір бөлігін жалға алып, кальян шегетін орын ашқан екен. Содан бері олар таныс.

9 қараша қайғылы оқиға болған кезде Байжанов оның дәрігер екенін біліп, Салтанаттың жағдайын көрсін деп хабарласыпты. 

“Мен жұмыста болғандықтан, “бара алмаймын, жедел жәрдем шақырыңдар” дедім. Қазір жекеменшік жедел жәрдем қызметі де бар, шамамен 40 мың теңге дедім. Телефонмен консультация бере алмаймын, оның түрін, халін өз көзіммен көре алмағандықтан, ештеңе айта алмаймын. Бірақ маған таңға дейін ішімдік ішті, қазір ұйықтап жатыр, оянбай жатыр, бір көзі қызарған деді. Оның түсіндіруі бойынша, бұл – алкогольді интоксикация боп көрінді”, – деді куәгер.

Ол 1 сағаттан кейін қайтадан Байжановқа қоңырау соғып, жедел жәрдем шақырған-шақырмағанын сұраған. Олар әлі шақырмағанын айтыпты.

“Жеңгесінің бөлмесіне кіре алмаймын деді. Ол бөлек кабинкада отырғанын айтты”, – деді ол.

Куәгер көп диалогтарды ұмытып қалған көрінеді. Не себепті шақырмағанын сұрағанында не айтқанын білмейді. Сондай-ақ Байжанов оған ағасы мен жеңгесі мас болғандықтан, араларында төбелес болғанын айтқан.

Бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.

Талқылау