Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаевтың ісі: Экс-министрге аса қатыгездікпен кісі өлтірді деген айып тағылды

Қазақстанның бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру бабы бойынша іс қозғалды. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Бишімбаевқа қатысты аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру бабы бойынша іс қозғалды. Зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың нәтижелері бойынша тергеу органдары сізге қосымша ақпарат береді", – деді Өмірәлиев.

Сондай-ақ, бас прокурордың орынбасары Қуандық Бишімбаевтың туысы қылмысты жасырғаны және полицияға хабарламағаны үшін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын қосып өтті.

"Оның туысқандығын мен нақты айта алмаймын. Оның ағасы ма, інісі ме деген ақпаратты қазір бере алмаймын. Бірақ туысқаны екені нақты. Сол күні, оқиға кезінде қасында болған. Бірақ осы ауыр қылмыстың жасалғаны туралы полиция органдарына хабарламаған. Ол туралы Қылмыстық кодекстің жеке бабы бар. Тіпті қылмысты жасыруға тырысқан", – деді ол.



Сондай-ақ ол күдіктінің әуелде тергеу органдарына жауап беруден үзілді-кесілді бас тартқаны туралы мәліметке пікір білдірді.

"Тергеу органдары бірінші күні осы қылмысқа кінәлі Қ.Бишімбаев өзінің құқықтарын пайдалана отырып, қандай да бір мағлұматтар беруден бас тартып отырғанын айтқанын білесіздер. Бұл бірінші күндері солай болған. Бірақ қазір қылмыстық іс жүріп жатыр. Басқа да нақты деректер айтылған болса, оның сұрату керек", – деді Жандос Өмірәлиев.

Еске салсақ, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталғаны туралы жазған болатынбыз. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Талқылау