Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бишімбаев үшін адамдар жай ғана құл": Нүкенованың ағасы жарыссөзде экс-министрдің қандай адам екенін айтты

Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында марқұмның ағасы Айтбек Амангелді сөз сөйледі. Оның ойынша, сотталушы Қуандық Бишімбаев үшін адамдар жай ғана құл. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Айтбек Амангелді сот процесі барысында Бишімбаевтан өкіну сынды белгілерді мүлдем байқамағанын жеткізді. 

"9 қараша (қайғылы күн) ол үшін (Бишімбаев) қарапайым күн болды. Ол өзін адамзаттың ең жақсы өкілі санайды. Ал қалғандары – оған және оның мақсаттарына қызмет ететін құрал ретінде қарастырылды. Сол себепті одан көз жас, өкіну, уайым дегенді байқамадық. Оған бәрібір. Ол жай ғана күліп немесе ұйықтап отыр", – деді марқұмның ағасы

Айтбек Амангелдінің айтуынша, экс-министр өзін салихалы, салт-дәстүрді, заңды құрметтейтін мұсылман ретінде көрсетуге тырысады.

"Сонымен қатар ол әлеуметтік жағдайын пайдаланып, басқа адамдарды өзінен төмен, лайықсыз деп санап  қадір-қасиетін мас күйінде қорлап,  балағаттап сөйлейді. Оның немен айналысатыны, әлеуметтік мәртебесі немесе кәсібі біз үшін маңызды емес. Дегенмен басқалардың бәрі – ол үшін қызмет ететін, жай ғана құлдар. Ол өзін қандай да бір құдайдың жаратылысы деп есептейтін шығар. Себебі ол осылай тәрбиеленді. Ол үшін бәрі құл, оған бәрі қызмет ету керек", – деді ол.



Айтбектің айтуынша, мұны Салтанат желтоқсан айында айтқан алғашқы жанжал растайды.

"Ол алғаш рет "Bau" мейрамханасының қызметкерлерін балағаттаған. Ол үшін, оған жұмыс істейтіндердің бәрі жай ғана зат секілді. Ол өзгенің пікірін құрметтемейді, ешкімді сыйламайды, адамдарға мән бермейді. Оның сот залында жасаған әрекеттері бұған дәлел бола алады. Бәріміз алғашында сот залында білімді, ақылды, парасатты жігітті көрдік. Салтанат та оны үйленбей тұрып, бастапқыда солай ойлады, солай көрді. Ол мүлдем басқа адам болатын. Өмірде үлкен сынақ көргенін, қолдау мен жанашырлыққа лайық екенін, әділетсіздікке ұшырағанын айтты. Біз оған сендік. Сіздер де сол қатені қайталамаңыздар", – деді Айтбек Амангелді. 

Айта кетейік, бұған дейін марқұмның ағасы Айтбек Амангелді Бақытжан Байжанов пен Қуандық Бишімбаевтың қайғылы оқиға болған күні Салтанат Нүкенованы тірілтіп алмақ болған әрекетіне пікір білдіргені туралы жазған едік. 

Талқылау