Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаев ісі бойынша сотта жарыссөз басталды: Байжановтан бір айып алып тасталды

Әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сотта жарыссөз басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тікелей эфирден скриншот

Сот отырысында жарыссөз басталды. Қазір прокурор Айжан Аймағанова сөз сөйлеп, дәлелдер негізінде Салтанаттың қалай қысымға түскенін айтып жатыр.

“Салтанат – Күн сәулесі секілді жарқын қыз еді. Бишімбаев оны экономикалық, психологиялық тұрғыдан өзіне тәуелді етті. Тіпті өлгеннен кейін өзін ақтау үшін марқұмды қаралап, бар кінәні оған жауып жатыр”, – деді Аймағанова.

Судья Айжан Құлбаева Байжановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 434-бабы "Қылмыс туралы хабарламау" деген айыпты алып тастады.

Соңғы отырыста прокуратура сот тергеуін қайта жалғастырып, Бақытжан Байжановқа тағылған айыптардың бірін алып тастауды сұраған еді.

Судья Құлбаева кеңесу бөлмесіне шығып, өтінішті қанағаттандырды. Енді Бақытжан Байжанов қылмыстық кодекстің 432-бабы "Қылмысты жасыру" бойынша ғана сотталып жатыр.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Қазір олардың сот отырысы ашық түрде өтіп жатыр. 

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталды.

Талқылау