Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Біртанов: Қазақстанда жылына 1500 жасөспірім қыз аборт жасатады

Елімізде жыл сайын 5 мыңға жуық жасөспірім қыз жүкті болып, олардың 1500 аборт жасатады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

аборт

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. 

«Бұл мәселемен біз үкіметтік емес ұйымдармен, халықаралық ұйымдармен бірлесіп айналысып жатырмыз. БҰҰ-да көмектеседі. Олардың деректеріне сәйкес, 16-18 жас аралығында жасөспірім қыздардың жүкті болуының 4 800-5 000 дерегін тіркейміз. Өкінішке қарай, ерте жыныстық өмірге араласу фактілері бар. Бұған қоса, жыл сайын шамамен дәл осы санаттағы тұрғындардың 1200-1300 түсік жасатуы тіркеледі. Әрине, олардың барлығы да медициналық көрсетілім мен қарсы көрсетілімге сай қауіпсіз жағдайда, қорғалған түрде жүргізіледі», - деді шенеунік.

Министрдің сөзінше, жасөспірімдердің түсік жасатуына қатысты заң жобасын жасау маңызды көрінеді.

«Жүкті қызды учаскелік дәрігер немесе емханалардың жанынан құрылатын Жасөспірімдер денсаулығы орталығының дәрігері мұндай шешімді ата-анасының қабылдауына көндіру қажет. Олар неге және қандай қаупі бар екендігін түсіндіруі тиіс. Медициналық мекемеден тыс жағдайда жүктілікті үзу өте қауіпті. Қыздар денсаулығына нұқсан келтірумен қатар, болашақта ана болу құқығынан, тіпті өмірлерінен айырылуы мүмкін. Мұндай проблема бар және оған көз жұма қарауға болмайды. Кейбіреулер мұны мектептің емес, ата-ананың мәселесі екендігін айтады. Алайда, өкінішке қарай ата-аналардың барлығы бұл жағдайды жете түсіне бермейді. Сондықтан біз кодекске мектептерге нақты жауапкершілік жүктеп, бағдарлама жүргізуді ұсындық. Сөз репродуктивті денсаулықты қорғау жайында болып отыр», - деді Біртанов.


 

Талқылау