Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біреудің кәсібі болуы мүмкін": Таразда айып тұрағына қойылған көліктер жоғалып кеткен

Жамбыл облысында айыптұраққа қойылған автокөліктердің жұмбақ жағдайда жоғалуы жиілеп барады. Осылай деген тараздық тұрғын Дулат Әлиев екі жылдан бері жолаушылар автобусын таппай жүр. Ол күдікті белгілі болса да, прокуратура мен полиция департаменті іске көз жұма қараған кейіп танытады дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

Сондықтан қала тұрғыны мемлекеттік автотұрақтан көліктердің қолды болуы әлдекімдердің бизнесі ме деп күдіктенеді. Дегенмен құзырлы органдағылардың айтар уәжі басқа.

“Мен досымның үйіне қойған жоқпын. Туысқанымның үйіне қойған жоқпын. Мемлекеттік айыптұраққа, арнайы алаңға қойылды”, – дейді жәбірленуші Дулат Әлиев. 

25 мың долларға бағалаған қос көлігін іздеген Дулат Әлиевтің қақпаған есігі жоқ. Айтуынша, екі жыл бұрын банктен несие алған досына кепіл болыпты. Бірақ досының банкке берешегі кешіккен соң, жолаушы таситын екі автобусын полицийлер тоқтатыпты. Амалсыздан ішіндегі жолаушыларды түсіріп, осы айыптұраққа өзім жүргізіп әкелдім дейді. Ал үш айдан өте бар несиені қайтарып, көлігін алуға келсе автобустары ізім-ғайым жоқ.  

“Екінші жыл өтті. Генерал Баймурзинге де, департамент бастығына екі рет кіріп шықтым. Ешқандай өзгеріс жоқ. Маған ұрлаған адамдар керек емес. Әкімшілік өндіріп берсін деп талап етемін”, – деп қосты Дулат Әлиев. 

Әбігерге түскен тұрғын бүгінде өзі де тергеушінің қызметін атқардым дейді. Сұрай-сұрай көліктің кім алғанын, қайда апарғанын анықтапты. 

“Күдікті бар. Алып кеткен адам белгілі. Күзетшілер алып кеткен адамды сипаттап отыр. Ол қайда өткізді? Оның бәрі белгілі. Темір алатын жерге апарып өткізіп жіберген”, – дейді Дулат Әлиев.

Полицейлердің шара қабылдамағанына ашынған Дулат қылмыстық іс бірнеше мәрте қысқартылып кеткенін айтады. Қайта-қайта қозғау салып, жылы жабылған істі аштырған. Бүгінде том-том болған істе 29 адамның тізімі шығыпты. Бірақ бұдан еш нәтиже шықпаған. Ал көлік ұрланған айыптұрақ әкімдіктің балансында. Яғни күтіп-баптауына қала бюджетінен жылда қаржы бөлінеді. Полиция депарменті оны күзету сол мекеменің міндеті дейді. 

“Айып тұрағына қойылған көлікті заңсыз айдап алып кету. Бұл дерек бойынша қазіргі уақытта күдікті анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл қылмыс төмендеуіне қарамастан тұрғындар сақтық шараларын естен шығармау керек”, – Жамбыл облыстық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Қанат Қожамқұлов.

Талқылау