Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір дастарханда отырмаймыз": Әлішер Қонысбаев Қайрат Нұртаспен араласпай кетуінің себебін түсіндірді

Жастар арасында танымал болған әнші Әлішер Қонысбаев өнердегі араласпайтын жұлдыздардың есімін атады. Өнер иесі ол туралы “Өзіміз ғой” подкастында айтып берді. 

Фото: Подкастан скриншот

Әнші қазақ эстрадасының мегажұлдызы Қайрат Нұртаспен “Baby” атты дуэт орындаған еді. 

“Ең алғаш Қайрат ағамызды Нұрдәулеттің туған күнінде көрген едім. “Еліктеп өсіпті” деген сөзбен келіспеймін. Бала күнімде тыңдайтынмын. Бірақ еліктеген жоқпын. Қайрат Нұртастың әнін тыңдамаған қазақ жоқ шығар?! Үлкен сахнаға шыққаннан кейін, бірге жүрдік. Ән сапарларда бірге болдық. Мен концертінде ән айттым. Бірақ қазір араласпаймыз. Көрген жерде сәлеміміз түзу шығар. Бірақ ол маған “аға” болып, мен “іні” болып сырласпаймыз. Бір дастархан басында отырмаймыз. Жасымыз да келмейді. Одан кейін әркімнің өз жолы бар. Шығармашылықпен айналысып жатырмыз”, – деп жан сырын ақтарды әнші. 



Одан кейін өнер иесі сахнада күтпеген оқыс оқиғасын да есіне алды. Ақтөбе қаласында болған концертінде бір жігіт гүл берген көрінеді. 

“Ол жігіт менің жанкүйерім екен. Бірінші рет еркектен гүл алғанмын. Ұлда да жүрек бар, негізі. Үлкен сахнада жүріп байқағаным, көрермен көп гүл береді екен. Алғашында ыңғайсызданып едім, қазір қысылмай рақметімді айтып ала беремін. Гүл алуды үйреніп жүрмін”, – деп күлді өнер иесі. 

Айта кетейік, Гауһар Әлімбекова әнін рұқсатсыз орындаған Қайрат Нұртасқа ренжіп жүргенін жазған едік. 

Сонымен қатар, Павлодар қаласының әкімдігі Қайрат Нұртасты шақыру үшін 10 миллион теңге төлеуге дайын екенін айтқан еді.

Талқылау