Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір-бірімізге септігіміз тиді": Ғазизхан Шекербек Қайрат Нұртаспен қарым-қатынасын айтып берді

Белгілі сазгер, әнші Ғазизхан Шекербек өнердегі әріптесі Қайрат Нұртаспен қандай қарым-қатынаста екенін “Саты” подкастында бүкпесіз баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Өнер иелерінің жеке парақшасынан алынды

Танымал сазгер әндерінің бағын ашқан эстрада жұлдыздары екенін жасырмады. 

“Жалпы, менің білетінім, Қайратқа бәрібір. Оған кім ән жазып беріп жатыр, оған бас қатырмайды. Кейін, әндеріміз көңілден шығып жатқан соң назар аударып "Мына әннің авторы кім?" деп қызықпаса, өздігінен ешкімді іздемейді. Себебі бәрін дайындап, әнді тауып беретін үлкен командасы бар. "Прайм плаза" сауда үйіндегі жағдайдан кейін Қайраттың басына күн туып, сахнадан алыстап кеткен кездері еді ғой. Сол сәттерде ақын Ақмарал Леубаева әпке "Жаралы жанның әні бұл" деген өлең шығарып, мен әнін жаздым. Сосын "Сен де, мен де" деген әнді ұсындым. Екеуін де орындады. Екеуі де хит болды. Арада біраз уақыт өткенде "Аңсайды жаным" деген әнді бердім, ол да жақсы таралды. Сосын "Мен оралам" деген әнді жібердім, оны да Қайрат жандырып айтып шықты. Сөйтіп жүрген кездерде Қайрат та бұрылып, "мынау кім, тоқтатпай жазып жатыр ғой" деп сұрастырса керек, мені көрмей жатыр жақсы көріп қалыпты. Мен де әндерімді бірінен кейін бірін хит қылып орындап жатқан адамды қалай жақсы көрмеймін?", – деп шынын айтты сазгер. 



Сазгердің айтуынша, Қайрат Нұртастың тарапынан бірінші ұсыныс түскен. 

“Бірінен соң бірі хитке айналып жатқасын, Қайрат “жанымда жүрші” деп ертіп алды. Одан кейін кездескен кезде "Сүйсең, сүйем", "Жаралған жүрегім" деген әндерді көрсетіп, "бірге дуэт айтайықшы" деп ұсындым. Сол кезде Қайрат "Бауырым, сенімен бір ән емес, сегіз ән айтуға дайынмын” деді. Мен де қуанып кеттім. Шабытыма қанат бітіп, жеке әншілігім содан басталды. Бірақ жұрттың "Қайраттың арқасында шықтың ғой" деп айтса, жыным келеді. Қайратқа дейін де менің Арман Дүйсенов деген ұстазым болған. Шығармашылығымды жаймен бастап келе жатқан адам едім. Оны жоққа шығаруға болмайды. Сайпы келгенде Қайрат менің әндеріммен танылды, менің әндерім Қайраттың арқасында танылды. Екеуміздің бір-бірімізге септігіміз тиді", – деп жан сырын ақтарды өнер иесі. 

Еске салайық, бұған дейін сазгердің 50 мың теңгеге ән сатқанын жазған едік. 

Талқылау