Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір апта ішінде БҚО-да екі "Жас сақшы" сыныбы ашылды

Өткен аптада Батыс Қазақстан облысының Жаңақала және Тасқала аудандарында "Жас сақшы" сыныптары ашылып, өңірдегі мұндай сыныптардың саны 13-ке жетті.

Жаңақала ауданындағы жаңа сыныпқа Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Ораз Айтқалиевтің есімі берілді. Ол соғыс жылдары Отан қорғап, кейін ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқан. "Үздік қызметі үшін" және "Еңбек ері" медальдарымен марапатталған ардагер Жаңақазан ауылында учаскелік полиция инспекторы болған.

Шараға ардагердің келіні Гүлпира Оразбайқызы Айтқалиева, немерелері Ерболат Маратұлы, Мейрамгүл Мүсірқызы, Әсем Жасқайратқызы және шөбересі Мерей Ерболатұлы қатысты. Олар аталарының есімі ұлықталғанына ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ ауданның құрметті ардагер ұстазы Нұрсұлу Ғалимоллақызы БҚО ПД бастығының алғыс хатымен марапатталды.

Тасқала ауданындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-гимназияда ашылған сыныпқа қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Сайын Ахметқалиевтің есімі берілді.

Алматы милиция мектебін бітірген Сайын Ахметқалиев еңбек жолын Фурманов ауылында (қазіргі Жалпақтал) тергеуші болып бастаған. Кейін Тасқалада (бұрынғы Камен) аға тергеуші және кезекші инспектор қызметтерін атқарған. 1979 жылы қызметтік міндетін орындау кезінде қарулы қылмыскердің қолынан қаза тапқан.

Рәсімге ардагердің інісі Біржан Морякұлы Кужаков, ұлы Бақытжан Сайынұлы мен қызы Айгүл Сайынқызы қатысты. Олар әкелерінің есімі ұлықталғанына алғыс білдіріп, жас сақшыларға сәттілік тіледі. Шараға аудан әкімі, аудан прокуроры, ардагерлер және білім беру бөлімінің басшылығы қатысты.

БҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қадыржан Сағын "Жас сақшы" сыныптарының оқушыларды отансүйгіштікке, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеудегі маңызын атап өтіп, жас сақшыларды білімге ұмтылып, елге адал қызмет етуге шақырды.

Жуырда өткен "Айбынды сақшылар додасы" спорттық эстафетасында Жаңақала ауданының командасы бірінші орын иеленді. Екі аудандағы рәсімдерде 29 оқушы "Жас сақшы" қатарына қабылданып, Отанға адал қызмет етуге, заң мен тәртіпті құрметтеуге және ел игілігі жолында еңбек етуге ант берді.

Stan.kz
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 12:17