Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жемқорлар соңғы үш жылда мемлекетке 1 триллион теңгеден астам активтер мен қаражат қайтарған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады. Онда ведомство басшысы былтыр мемлекетке сомасы 486,5 миллиард теңге болатын мүліктік активтер мен қаражат қайтарылған жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Асхат Жұмағали президентке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елімізде қабылдаған шаралары туралы есеп берді. Ол былтыр 1641 жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркеліп, жүйелі түрде жемқорлық жасаудың 68 фактісі анықталғанын жеткізді.

“Екі ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, сонымен қатар екі топқа үкім шығарылған. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген 1493 адам ұсталған. Олардың ішінде түрлі деңгейдегі 229 басшы бар. 914 адам сотталған. Агенттік 2022 жылдан бері мемлекетке жалпы сомасы 1,12 триллион теңгеге бағаланған мүліктік активтер мен қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз еткен. Былтыр сомасы 486,5 миллиард теңге болатын мүліктік активтер мен қаражат қайтарылған”, – делінген хабарламада. 

Одан бөлек Асхат Жұмағали ведомствоның мемлекеттік сатып алу мен қаржының мақсатты игерілуіне мониторинг жүргізіп, 87,7 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол бермегенін айтты.



Сонымен қатар президент тапсырмасы да орындалып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда:

  • жол саласындағы жемқорлықты жою үшін талдау жүргізіліп, уәкілетті органдарға бірқатар ұсыным берілген;
  • бақылауға алынған 258 жобаның жалпы ұзындығы 1,8 мың шақырым болатын 119 учаскесі пайдалануға беріліп, оларда анықталған ақаудың 95 пайызы ретке келтірілген;
  • "Цифрлық теңге" платформасында "ақшаны бояу" пилоттық жобасы іске асырылуда. Бұл тетік ауыл шаруашылығы мен жол салаларының жекелеген бағыттарында қолданылып жатыр. Кейіннен оны цифрлық жүйемен бірге бюджет қаржысын жұмсаудың барлық кезеңіне енгізу жоспарланған;
  • медицина, спорт және әлеуметтік қолдау салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары аяқталған;
  • денсаулық сақтау секторындағы талдау қорытындысы бойынша дәрі-дәрмектің үстеме бағасы арзандағаны жөнінде ақпарат берген;
  • елімізде науқастарға QR-код арқылы тегін дәрі-дәрмек беру жобасы іске қосылды. Аталған бастама жалған рецепттер жазып беру, дәрі-дәрмектерді ұрлау тәуекелдерін азайтып, бюджет қаржысын үнемдейді;

Сонымен қатар Асхат Жұмағали халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесінде Әзірбайжан, Ресей, Гонконг, Иордания және Қатар елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарымен меморандумдарға қол қойылғаны туралы айтты. Оның аясында озық халықаралық тәжірибені енгізуді көздейтін 2 заң жобасы мәжілістің қарауына ұсынылған.

Мемлекет басшысы еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күресті одан әрі жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Талқылау