Былтыр күзде жоғалып кетекен Яна Легкодимованың денесі табылды
Фото: Аzh.kz
2024 жылдың қазан айында жоғалып кеткен Яна Легкодимованың мәйіті Атырау облысынан табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақ Жайық” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
18 қазанда 22 жастағы бойжеткен танысының қоңырауынан кейін үйінен шыққан. Аз уақытта ораламын деп ойлаған ол күртешесін алмаған. Бірақ сол күйі үйіне оралмаған.
Ол өмірінің соңғы сәттерінде танысының көлігінде болған. Жамандықты сезген анасы іссапардан шұғыл қайтып келіп, қызының заттарын тапқан.
Қылмыстық істі қозғауға Янаның күнделігі себеп болған. Марқұм күнделігінде "Р" деген біреуді атап өткен. Көп ұзамай полиция 24 жастағы Р. есімді жігіт пен оның 25 жастағы сыбайласын ұстады. Олар қызды тұншықтырып өлтіріп, Талдыкөл ауылы маңында Жайық өзеніне лақтырып жібергенін мойындады. Қылмыстың себебі әлі күнге дейін белгісіз.
Іздестіру жұмыстары бірден басталып, өзен түбі, жағалаулар, қамыс пен батпақты жерлер мұқият тексерілді. Жұмысқа сүңгуірлер, дрондар, иісшіл иттер мен эхолоттар жұмылдырылды. Қазаннан желтоқсанға дейін еш нәтиже болмады. Жайық қатып қалғандықтан іздеу жұмыстары тоқтап, көктемде іздеу қайта жалғасты.
Тек 20 маусым күні ғана қыздың мәйіті табылды. Сараптама нәтижесінде табылған адамның Яна екені расталды.
“Енді, тым болмаса, жерлей аламыз. Маған қызымның денесін берген соң, оны туған жері — Орал маңындағы Чапаево ауылына апарамын. Бұл қайғының орны толмайды, бірақ ең болмағанда үміт оты пайда болды. Кінәлілер жазасын алады деп үміттенемін", — деді Яна Легкодимованың анасы Галина Легкодимова.

"Ет, құрт, қазы, музыкалық аспап алып кіре алмайды": Қазақстандықтар ұшаққа отырарда нені ескеруі тиіс
