Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жартысы Қытайдан келген: 1991 жылдан бері қанша қазақ тарихи отанына оралды

2024 жылдың басынан 1 маусымға дейін 7 353 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 135,7 мың этникалық қазақ оралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Gov4c.kz

Атамекеніне оралған қандастардың жартысы (49,4%) Қытайдан, 6,3%-ы Түрікменстаннан, 5,4%-ы Моңғолиядан, 34,4%-ы Өзбекстаннан, 3,2%-ы Ресейден және 1,3%-ы басқа елдерден көшіп келді. Қазақстанға қоныс аударған қандастардың 59,1%-ы еңбекке қабілетті, ал 31,2%-ы еңбекке қабілетті жастан кіші. Қалған 9,7%-ы – зейнеткерлер.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,9%-ы жоғары білімді, 22,6%-ы орта кәсіби білімді, 55,3%-ы жалпы орта білімді, және 5,2%-ының білімі жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Қандастарды қоныстандыру барысында елімізде еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Олар: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлеріне 2024 жылға арналған квота бойынша 2 433 адам қабылданды. 1 маусымдағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1697 қандас қоныс аударды.

  • Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады:
  • Бір мезгілде отағасына және отбасының әр мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде;

Тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Жыл басынан бері 1405 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 419 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 миллион теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

Еске сала кетейік, 2023 жылдан бастап пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінде этникалық қазақтардан жаңа форматта 9 569 өтініш қабылданды.

Талқылау