Бесікке салу рәсімін өткізген: Құлсарыдан эвакуациялау кезеңінде Бейнеуде 6 сәби дүниеге келді
Құлсарыдан эвакуацияланғандар жағдайға қарамастан, көңілдерін түсірмей, қуанышты жайттарды тойлап жатыр. Маңғыстау облысы Құрық ауылында эвакуацияланғандар бесікке салу рәсімін өткізді. Сәби Атырау облысында су тасқынынан бір-екі күн бұрын дүниеге келген. Ата-анасы көрші облыстағы колледждердің біріне эвакуацияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Баланың есімін қою рәсімін мұғалімдердің бірі жасады.
Ал тағы бір Құлсары қаласының тұрғыны Маңғыстау облысына келе жатып босанды. Босану жедел жәрдемде акушердің қолдауымен өтті. Баланың салмағы үш келіден асып, дүниеге келген. Анасы мен баласы Бейнеу ауданындағы перзентханаға жеткізілді. Босанатын әйел мен жаңа туған нәрестенің жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Бұл – әйелдің бесінші босануы.
“Бейнеу ауруханасында 3 күнде 6 сәби дүниеге келсе, оның ішінде егіз балалар бар. Тағы біреуі облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген. Барлық ана мен бала өздерін жақсы сезінеді”, – деді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева.
Өңірдегі медициналық ұйымдар эвакуацияланған тұрғындарға көмек көрсетуге толық дайын.