Бектенов автокөліктерді заңсыз газға көшіргендерге жауапкершілікті күшейтуді тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында көліктерді кәсіпқой емес газға ауыстырғаны және техникалық төлқұжатында тиісті белгінің жоқтығы үшін кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуді міндеттеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Shutterstock
Олжас Бектенов газ саласы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын айтты.
"Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында нақты міндет қойып, біздің ел мүмкіндігінше өз ресурстарына сүйенуі керек екенін айтты. Газ былтырғыға қарағанда 60,5 миллиард текше метр болып отыр. Сондықтан газ тапшылығын болдырмау маңызды", – деді үкімет басшысы.
Қуатты арттыру үшін инфрақұрылымды жаңғыртуды жеделдетіп, газды барлау мен өңдеуге инвестиция тартуды жандандыру қажет деді премьер-министр.
"Қазір сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету мәселесі алаңдатып отыр. Отынның бұл түрі мұнай-химия өнеркәсібі үшін құнды әрі тапшы шикізат екенін ескерген жөн. Сонымен қатар Қазақстанда сұйытылған газ автокөлік отыны ретінде жиі қолданылып келеді. Бүгінде оның бөлшек саудадағы бағасы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және шет елдерге қарағанда шамамен екі есе төмен. Осылайша баға сұйытылған газдың ірі көлемдегі көршілес елдерге заңсыз экспортталуына әкеліп соқты", – деді премьер-министр.
Еске салайық, бұған дейін энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда газ бағасы көтерілуі мүмкін екенін айтты. Министрдің сөзінше, қазір Қазақстанда тауарлық газдың орташа құны мың текше метріне – 33 мың 169 теңге. Бұл ретте тауарлық газдың бекітілген көтерме бағасы – 23 мың 646 теңге.