Бекшин Алматыда “үнді” штаммы кімнен анықталғанын айтты
Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирустың “үнді” штаммы анықталған тұрғын туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бізде Алматыда бір ғана жағдай бар. Байланыста болған барлық адамдарды толығымен есепке алдық. Ол үй шаруасындағы әйел, еш жерде жұмыс істемейді. Уақытының бәрі үйде өтеді. Бірақ күйеуі жиі іссапарға барады, ол ақпан айында ауырған.
Біз оның логистикасын, қала бойынша жүріп-тұруын қарастырдық, барған нысандарын ескердік. Осыған байланысты алдын алу шараларын жүргіземіз. Бұған дейін айтқанымдай, күн сайын оң нәтиже көрсеткен науқастарды ПТР-скрининг бойынша тексереміз", – деп атап өтті Бекшин.
Оның айтуынша, әйел 21 маусымда тест тапсырған. Қазір науқас жұқпалы аурулар палатасында жатыр. Әйелдің жеті жасар қызы бөлек палатаға орналастырылды.
Науқаспен байланысқан жеті адам оқшауланды.
Бұған дейін Жандарбек Бекшин қалада "үнді" штаммының анықталуына орай карантин шаралары күшейтіледі ме деген сұраққа жауап берді.