Beeline компаниясының тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны анықталды
Beeline байланыс операторының үй интернеті қызметтерін сату кезінде тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Бұл туралы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қалалық департаменті мәлімдеді.
“КаР-Тел" ЖШС (Билайн) тарапынан үй интернеті қызметтері нарығында үстем жағдайын теріс пайдалану белгілері анықталды, бұл тұтынушылардың заңды құқықтарының шектелуіне әкелген”, – делінген хабарламада.
Қарияның сұрағына келемеждеп жауап берген цифрлық даму вице-министр сынға қалды (видео)
Департамент мәліметінше, "Билайн" компаниясы өз тұтынушыларының қолданыстағы тарифтік жоспарларда үй интернетінің жылдамдығын таңдау мүмкіндігін шектеп, тек 100 Мбит/с-тан жоғары жылдамдықтағы интернетті ұсынған. Бұл өз кезегінде бағалардың жасанды түрде қымбаттауына және тұтынушы құқықтарының бұзылуына әкелген.
2024 жылғы 19 қарашада "Билайн" компаниясына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама талаптарын бұзуды жою жөнінде хабарлама жіберілген. Департамент талаптардың толық көлемде орындалғанын атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Tele2 және Altel ұялы байланыс операторларының толықтай катарлық компанияға сатылғаны туралы жазған едік.