Байларға тоқал болып ақша тауып жүрген бойжеткен: Бұл алдымен Алланың арқасы, Аллаға шүкір деймін
Салтанат есімді бойжеткен бұған дейін әкімдерге тоқал болам деп жар салған еді. Тоқал болып оңай ақшаға қол жеткізуді мақсат еткен ол бүгінде бар жоспарым орындалып жатқанын айтты.
"Осы уақытқа дейін екі бай адамға тоқал болдым. Оның кім екені айтпай-ақ қояйын. Олар маған көп ақша берді. Шетелде демалдым. Үй әпермесе де, күнделікті қажеттілігімді өтеді. Бетіме пластикалық ота жасадым. Қасымды тарттырдым. Мұрнымды түзедім. Ернімді жасаттым. Күнделікті салонда макияж жасадым. Оның өзіне 2 млн теңгедей ақша кетті. Одан бөлек қанша ақша таптым", - деді Салтанат.
Әке-шешесінен жас күнінде айырылғанын айтқан бойжеткеннің жасы 29-да. Бұл жайлы журналист Мұхит Сапарбаевтың OYBAY SHOW бағдарламасында айтты.
"Менің бай азаматтармен кездесіп, ақша тапқаным Аллаһтың арқасы. Аллаға шүкір деймін. Кей адамдар айтады, олай айтпа деп. Жаман жолда жүрсің, шүкір деп айтпа деп. Бірақ мен олай ойламаймын", - дейді бойжеткен.
Айтуынша, екі қалталы азаматтан да өз еркімен кеткен екен. Оған ғашықтық сезімі кедергі болғанын айтты. Нақтысында, өзге жігітке ессіз ғашық болғанға ұқсайды.
Салтанаттың айтуынша, ер адаммен қабақ шытыспай жылы сөйлесу керек. Себебі ер адам тоқалдарға демалу үшін келеді.
"Барлық жұмысын реттей алмай, кедергілерге ұшырап саған келгенде, демалу керек. Жылы сөйлеу керек. Ашуландырмау керек. Осы себепті олар тоқалдарды жақсы көреді", - деді Салтанат.